Шала туған шақалақтың өмірі үшін күрес

0

Фото: Автор

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Әлемде 17 қараша — халықаралық шала туылған балалар күні аталып өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын жер шарында 15 миллионға тарта нәресте шала туылса, Қазақстанда әрбір оныншы бала айы-күні толмай, уақытынан бұрын өмірге келеді.

Статистикалық мәліметтер балалардың шала туылуы азаймай отырғандығын көрсетеді. Дегенменде шақалақтардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші артып келеді. Осыдан бес-алты жыл бұрын шала туған нәрестелердің тек жартысына жуығын аман алып қалу мүмкін болса, қазір бұл көрсеткіш анағұрлым артып, шақалақтардың 87-88 пайызы ширап кететін деңгейге жеткен.

Қарағанды облысында жыл басынан бері 350 сәби мерзімінен бұрын өмірге келген. Шала туған сәбилердің ішінде небәрі 600 грамм болып туылған шақалақ та бар. Облыстық перинаталды орталықтың медицина мамандары сәбидің жанын сақтап қалу үшін барын салып, аман алып қалған. Ана құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып, жетіліп туылатын бала мен уақытынан бұрын дүниеге келетін сәбидің күтімі, бағып-қағуындағы айырмашылықтар жер мен көктей. Өмір есігін ерте ашқан балалар ерекше күтімді, сапалы емдеуді, ұзақ уақыт бойы бақылауды қажет етеді. Мұндай нәрестелердің күтімі мен емінің нәтижелі болуы ең алдымен білікті дәрігерлердің және жоғары технологиялық құрал жабдықтарға байланысты.

«Жыл сайын елімізде 250 мыңға тарта бала уақытына жетпей туылады. 2017-2018 жылдар аралығында облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген сәбилерің 8 пайыздан астамы шала туылған нәрестелер. Қарағандылық дәрігерлер жетілмей туған балалардың жанын сақтап қалуды үйренді. Қазір біздің перинаталды орталықта шақалақтарды күтіп, бағуға, оңалтуға қажетті жабдықтардың бәрі бар. Жыл сайын жаңа медициналық технологиялар енгізіліп, аппараттар жаңартылып отырады. Үстіміздегі жылы орталыққа кішкентай емделушілерлің өкпесін жасанды түрде желдететін жаңа құрылғы әкелінді. Сонымен қатар шала туылған балаларды қадағалауға мүмкіндік беретін УДЗ аппараты орнатылды», — дейді облыстық перинаталды орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Елена Виноградская.

Осыдан он жыл бұрын салмағы бір келіге жетпей туылған балалар өмір сүруі мүмкін емес деп күтімге алынбайтын. Қазір заманауи медициналық құрал жабдықтар мен сәбилерге жасалатын ерекше күтімнің нәтижесінде мұндай балаларды қатарға қосу мүмкін болуда.

«Шала туылған балалар салмақ қосып, денсаулықтары қалыпқа келгенше аналарымен бірге перинаталды орталықта болады. Дәрігерлер мен медбикелер аналарға шала туылған сәбиді бағып-қағуды, тамақтандыруды үйретеді. Сәбиі уақытынан бұрын туылған аналар күйзеліске ұшырап жатады, осындай уақытта олардың өзіне де психологиялық көмек көрсетеміз. Баланың қатарға тез қосылуына ана мен бала арасындағы байланыстың ерекше рөл атқаратындығын түсіндіреміз», — дейді Елена Виноградская.

Әрине шала туған шақалақтың адам болып, қатарға қосылып кетуінде ананың орны орасан екені даусыз. Осы орайда тағдырдың жазуымен нәрестесі уақытынан бұрын өмірге келген аналармен тілдесіп, шала туған баланың күтіміндегі қиындықтар мен ерекшеліктер жайлы сұрап білген едік.

900 грамм боп туылған баламның өмірі үшін әлі де күресіп келемін

Қарағандылық Динара Орымбаева жүктіліктің 26 аптасында толғақ басталып, ұлының өмірге бар жоғы 900 грамм болып туылғандығын айтады.

«Ұлым 2015 жылдың наурыз айының 25-і күні туылды. Дәрігерлердің айтуы бойынша баланың ерте өмірге келуіне менің бүйрегімнің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болуы мүмкін. Бала өмірге 900 грамм боп туылып, одан кейін 800 грамға дейін салмақ жоғалтты. Өкпесі дамымай туылғандықтан, өздігінен демалмады, ол үшін аппарат демалды. Бала бір апта бойы вакумда жатты. Дәрігерлер баланың жағдайын өте нашар деп бағалады. Ұлым көп уақытқа дейін салмақ қоспады. Әрбір екі сағат сайын балаға 1-2 граммнан сүт беріледі. Кіп-кішкентай бала 1 грамм сүтке тойып қалады ғой. Баланың кішкентайлығы сондай оған кәдімгі қуыршақтың киімдерін кигіздік», — дейді Динара Орымбаева.

Баланың атын атасы таудай биік болсын деп Асқар деп қойған. Анасы Динаранның айтуынша, Асқар жеті күннен кейін өздігімен демалатындай жағдайға жеткен.

«Екі аптадан соң ұлымды бауырыма алдым. Алғашында баланы қолға алу да қорқынышты болатын. Ал екі айдан кейін перзентханадан шықтық. Перинаталды орталықтың дәрігерлеріне ризашылығым шексіз. Әсіресе жансақтау бөлімінде қызмет істейтін медицина мамандарының біліктілігіне басымды иемін. Дәрігерлер мен медбикелер тәулігіне 24 сағат бойы әлсіз баланың жанынан табылды. Баланы қоректендіруді, жаялығын ауыстыруды, температурасын тексеруді үйретті. Шала туылған баланың күтімі, емі оңай емес. Перзентханадан әжептәуір салмақ қосып, 1860 грамм болып шықтық. Үйге келген соң да шала туылған баланың өсуі, дамуы қиындық тудырды. Мұндай бала тоңғақ, аурушаң болады екен. Үш жасқа дейін бірнеше рет өкпесі қабынып, ауруханада жаттық. Лүп еткен желге жөтеліп шыға келеді. Қазір де мұрынмен демалуда қиындықтар бар. Бала көбіне аузымен демалады. Дегенменде қиын күндер артта қалды», — дейді ана.

Асқар Мәмбетұлы қазір 3,5 жаста. Кішкентай ғана бөбектің сөйлеген сөзі мен ойлау қабілетіне қарап оның 1 келіге де жетпей туылған шақалақ екендігіне сенбейсіз. Тақылдап тақпақ айтып, үш тілде санамақ санайтын бүлдіршін өскенде «әртіс» боламын дейді.

Қызым кішкентай періште, сондықтанда оған «Ангелина» деген есім бердім

Үш баланың анасы Лариса Чабан төртінші жүктілігі кезінде барынша сақ болып, денсаулығын қатты қадағалағандығын айтады. Жүктілік қалыпты өтіп келе жатқан. Алайда 28 аптада бала жолдасы ажырап кетіп, анаға шұғыл түрде кесір тілігі жасалған.

«Ішім қатты ауырып, жедел жәрдем шақырдым. Дәрігерлер бірден перзентханаға жеткізді. Палатада жатқанымда қан кетті. Мамандар шұғыл түрде ота жасау керектігін айтып, операция залына әкелді. Осы жерде өмір мен өлім ортасында жатқандығымды сездім. Ота жалпы наркозбен жасалды. Есімді жиғаннан кейін ең алдымен медбикеден баланы сұрадым. Ол сәбидің тірі туылғанын, алайда өздігінен демалмайтындықтан жасанды демалу құрылғысына қосылғандығын айтты. Медбике балаға қандай есім бергім келетіндігін сұрады. «Ангелина» есімі бірден тіліме оралды. Қызым жоғарыдан келген періштем еді, оның аты да, өзі де періште болсын дедім», — дейді Лариса.

Ангелина қазір жеті айлық. Білікті дәрігерлер мен анасының күтімінің арқасында қатарға қосылып келеді.

«Қызым 1400 грамм туылды. Оның өкпесі дұрыс жұмыс істемей сегіз күн бойы өмір үшін күресті. Осы жерде перинаталды орталықтың жансақтау бөлімінде жұмыс істейтін медицина мамандарына рахметімді айтқам келеді. Қызымның тезірек оңалып кетуі үшін көмек қолдарын созған медбикелер – Айгул Сәбитова, Оксана Швец, Оксана Гудкова, Сәуле Темірболоваларға, әсіресе дәрігер Галина Петровна Маркусқа алғысым шексіз. Басыма түспейінше дәрігерлердің қолынан осыншама ғажайып келетіндігіне сенбес едім. Олар шынымен де ақ халаттағы абзал жандар», — дейді ана.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ