Шахтинск соты «артық АӘК алған» отбасының ісін қайта қарай бастады

0

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы сот биліктің «жарты миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алған» көп балалы отбасының үстінен түсірген шағымын қайта қарай бастады.

Сот бұған дейін биліктің «артық көлемде әлеуметтік көмек алған» көп балалы әйел Назгүл Сәрсенбаеваның үстінен түсірген шағымын қанағаттандырған. Кейін Сәрсенбаева апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық сот істі қайта қарауға жіберген еді.

Қазіргі сот көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмекті қайтару я қайтармау мәселесін қарап жатыр.

— Соттасып, дәлел іздеп жүргеніміз өте өкінішті. Қазір сотқа табысымызды жасырмағанымызды, заң бұзбағанымызды дәлелдеуіміз керек. Егер дәлелдей алмасақ, ақшаны қайтаруымыз керек. Төлемді бір ай көлемінде қайтару керек пе әлде бөліп-бөліп қайтаруымыз тиіс пе, оны сот шешеді, — деді Назгүл Сәрсенбаеваның күйеуі Әлібек Сәрсенбаев.

Апелляциялық сотта жеті баланың шешесі «сот кезінде орыс тілін түсінбегенін, шағымды, сұрақтарды, құқығын, тараптардың міндетін толық ұқпағанын айтқан. Ал айыбын мойындау туралы құжатты біреудің айтқанымен толтырғанын жеткізген».

Прокуратура да «сотта тіл ережесі сақталмағандықтан» бірінші инстанцияның шешімін жою туралы шағым түсірген.

Ал Шахтинск қаласы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің шенеуніктері соттан прокуратура шағымын қанағаттандырмауды сұраған. Ал Қарағанды облысы әкімшілік істер сотының алқасы сол кезде көп балалы отбасының шағымын қанағаттандырып, Шахтинск қаласы сотының шешімін жойған және істі қайта қарауға жіберген

Сәрсенбаевтар отбасы сәуір мен шілде арасында (ол кезде жанұяда алты бала болған) ай сайын 129 460 теңге (барлығы 517 840 теңге) алып отырған. Тамыздан бастап көмек тоқтаған. Кейін оларға ақшаны қайтару туралы ескертпе келген. Шенеуніктер Назгүл Сәрсенбаева күйеуінің ақпандағы от жағушы ретінде тапқан 16 570 мың теңге табысын жасырған деп санайды. Әкімдік сотқа шағымданып, жеңіп шыққан.

Сот шешімінде, отбасының алғашқы тоқсандағы табысы 174 912 теңгені құрағаны жазылған. Табыс отбасындағы әр адамға шаққанда 21864 теңге болған. Бұл атаулы әлеуметтік төлем тағайындау межесінен, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1075 теңгеге артық. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 20789 теңгені құрайды.

Сәрсенбаевтар табыстарын жасырмағанын айтады.

Қазір Қарағанды облысындағы соттарда атаулы әлеуметтік көмекті қайтару бойынша тағы бірнеше іс қаралып жатыр. Аймақта мұндай 12 іс сотқа жіберілген. Облыста 11983 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқан. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейіп, олар биліктен жәрдемақыны өсіруді талап еткен. Осыдан соң үкімет тұрмысы төмен отбасыларда атаулы әлеуметтік көмекті көбейткен.

Azattyq