«Шахтер» футбол клубының бұрынғы бапкері қайтыс болды — новости Казахстана
Қарағандылық «Шахтер» футбол клбуының бұрынғы бапкері Владимир Иванович Журавель 48 жасында өмірден өтті. Белоруссиялық маман ұзақ уақыт бойы дендеген дертінен көз жұмған деп хабарлайды клубтың ресми сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Айта кетейік, Владимир Иванович 2018 жылдың қаңтар айында «Шахтер» клубының тізгінін ұстаған болатын.
Алайда бапкер өзара келісімнен соң, биылғы жылдың шілдесінде құрамды жаттықтырудан бас тартты.
«Шахтер» футбол клубы бұрынғы бапкерлерінің қазасы қабырғаларын қайыстырғанын атап өтіп, туыстарына көңіл айтқан.
«Владимир Ивановичтің жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Сіздің жарқын бейнеңіз мәңгі жүрегімізде қалады», — деп жазған «Шахтер» клубы.
Естеріңізге сала кетейік, Владимир Журавель «Динамо» құрамында жүріп Белоруссияның алты дүркін чемпионы атанған. Спорттық мансабын аяқтаған футболшы кейін жаттықтырушы қызметін атқарған.