Шахтадағы апатқа жауапты тұлғалар жазаланады — Ә. Смайылов

0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілер отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

«Сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақпыз», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

«Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеуде. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық», — деді Премьер-министр.

Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні атап өтілді.

фото: t.me/KZgovernment