«Шаханов намысыма тиді» Танымал адамдар кімге ренжіп жүргенін ашып айтты
Саясат маңындағы қоғам белсенділерінің бірқатары Наурыз қарсаңында өзін ренжіткен адамдарды кешірді
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Қазақ халқы үшін Наурыз – күн мен түннің теңеліп, Самарқанның көк тасы жібіген күн. Асыға күтетін бұл мейрамда ата-бабаларымыз өткеніне есеп беріп, ренжіген адамдары болса оларды кешірген.
Міне, осындай айтулы күн қарсаңында Sputnik Қазақстан қоғам белсенділері арасында сауалнама жүргізіп, кімнің кімге ренжіп жүргенін, ол адамды кешіруге дайын ба, жоқ па, соны білуге тырысты.
«Ұлтқа түк пайдасы жоқ деп айыптады… «
Саясаттанушы Әзімбай Ғали Марат Тәжин мен Серікжан Біләшқа ренжулі болып шықты. Осы екі адамды саясаттанушы қазақтың ұлық мерекесі – 22 Наурызда кешіруге әзір екенін айтты.
«Ол кісі (Тәжин) бас идеолог қой. Сондықтан қазақ тілін міндетті түрде білуі керек. Оны маман ретінде үнемі айтып келемін.
Ал Серікжан бір топ адамның ішіне менің атымды да қосып, «бұлардың ұлтқа түк пайдасы жоқ» деп айыптапты. Әрине, бұл ауыр айып, менің намысыма тиді», — дейді ол.
Саясаттанушы бұл ретте көңілін жібіткен нәрсе не екенін де айтты.
«Қазір қазақ тілінің аясы ешқандай қолдаусыз-ақ өз инерциясымен күшейіп келеді. Бұл мені қуантады. Оның үстіне Серікжан бауырым үйқамаққа шықты. Оған да қуанып жатырмын. Мені айыптаса да ол Қытайдағы қазақтардың құқығын ашық түрде қорғап-қолдап жүрген біздегі бірден-бір адам. Ал мен көптен үлкен емеспін. Оны кешірдім», — дейді саясаттанушы.
«Денсаулығы сыр беріп жүр дейді… «
«Аманат» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Мергенбаев қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановты кешіргенін айтты.
«Ағамыздың соңғы кездегі әрекеттері маған тіптен түсініксіз. Елдің шамына тиетін түрлі мәлімдеме жасап жүр. Менің ашуымды келтіріп, намысыма тигені ол кісінің оралмандар мәселесіне араласып, қыңыр сөз айтуы еді. Сол кезде қатты ренжігенмін. Өзара сөзге де кеп қалғанбыз. Қазір денсаулығы сыр беріпті деп естіп жатырмын. Кешірдім ол кісіні», — дейді ол.
Ал қоғам қайраткері Асылы Осман өзінің көңілін қалдырған адамды кешіруге дайын болмай шықты.
«Соттасуға дейін бардық… «
«Қалай кешіремін? Намысымды аяқасты етті ғой. Айтпаған сөзі жоқ. Соттасуға дейін бардық. Мені соған жеткізді ғой. Әрине, кешірген жақсы. Оны қолдаймын. Бірақ мен өзіме кезінде қысастық жасаған басшым Сұлтан Оразалиновты кешіре алмаймын», — дейді ол кісі.
90-шы жылдардың басында Асылы Осман апамыз кейіннен Ұлт саясаты жөніндегі комитет болып қайта құрылған ҚР премьер-министрі жанындағы тілдер комитетінде жұмыс істеген екен. Ол кезде бұл комитеттің төрағасы Ким, ал оның орынбасары Оразалинов болыпты.
«Бір күні мәжілістегі қазақ тілі туралы заң жобасының талқылауына қатысып, жұмысқа оралсам: «Сен қысқардың» дейді әріптестерім. Күйеуге тимегенмін, не үйім, не күйім жоқ. Не істерімді білмей абдырап қалдым. Содан себебін білмек болып комитет төрағасының орынбасары Сұлтан Оразалиновке кірдім. Ал ол болса намысыма тиетін ауыр сөздер айтты», — дейді Асылы апамыз.
Ол кісіге журналистерге жиі сұқбат бересің деп айып таққан екен.
«Содан айттым, мен артық бірдеме деп жүрмін бе? Көтерсем қазақ тілі деп мәселе көтердім, шырылдасам қазақ тілі деп шырылдап жүрмін дедім. Негізі ол ілік қана, басты себебі басқа ғой, әрине. Содан кетпеймін дедім. Соттастым. Сол кезде көп адам жанымнан табылды. Бәріне рақмет, Иманғали Тасмағамбетов бауырыма да. Ақыры екі айымның жалақысын соттасып алдым» — дейді ол.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, Оразалинов алдына келсе кешіріп қалуы да бек мүмкін.
«Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген қазақ. Бірақ сол жағдайдан соң мен Оразалиновты, ол мені көрген емес. Кісінің ішінде аласы да құласы да болады.
Оразалиновты жек көргенім барша қазақты жек көргенім емес. Ел мені дұрыс түсінбей қалып жүрмесін. Керісінше, мен өз ғұмырымды қазақтарға деген сыйластыққа, қазақ тіліне арнаған адаммын», — дейді Асылы Осман.
sputniknews.kz