Шағын бизнесті салықтан босатып, кейбір министрлікті жою керек
Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян экономикада бірнеше радикалды реформа жасауды ұсынды. Пашинянның пікірінше, Арменияда шағын бизнеске салынатын салықты жойып, министрліктер мен ведомстволар санын және шенеуніктерге бюджеттен бөлінетін қаржыны қысқарту керек, Арменияға қаржы салғысы келетін инвесторларға салық жеңілдіктерін жасап, экономикалық монополияны жою керек.
«Бізде министрліктер көп, олардың біразын қысқарту керек. Диаспора министрлігін өзге құрылымға қосуға болады» деді Пашинян.
Ол «жаңа үкімет Арменияға шетел инвестициясын қалай тартады?» деген сауалға «Экономикалық монополияны, экономикалық шектеулерді жою керек, біз мұны істеп те жатырмыз» деп жауап берді.
9 желтоқсанда Арменияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп, Пашинянның «Менің қадамым» блогы 70,43 пайыз дауыспен жеңген. Парламентке сонымен қатар 8,27 пайыз дауыс жиған «Көркейген Армения» партиясы мен «6,37 пайыз дауыс алған «Жарқыраған Армения» партиясы өтті. Армения экс-президенті Серж Саргсяннің Армения республикашыл партиясы парламентке өту үшін межелі 5 пайыз дауыс жинай алмады.
Дереккөз: Азаттық