«Шағым түспесе – тексермейміз». Жаңа жыл алдындағы қауіптер

0
21 Желтоқсан 2018, 18:21 438 0

Фото: Автор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа жыл қарсаңында дүкендер мен базарлардағы ойыншықтарды сатып алушылар қатары көбеюде. Бірі баласына, бірі немересіне ойыншық сыйлап, жаңа жылда жақсы көңіл-күйге бөлеуге тырысады. Осы орайда «Сыйлауға асыққан ойыншығыңыз қаншалықты қауіпсіз?» деген сұрақ туындайды. Қаншама ойыншық Қытайдан сапасын растайтын құжатсыз әкелінуде. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов ойыншық сапасына қатысты осы және басқа да сұрақтар төңірегінде әңгіме айтты.

Балаларға ойыншық немесе жаңа жылдық костюмдерді базардан емес, супермаркеттер мен арнайы дүкендерден сатып алған жөн.

«Ойыншықтардың материалдары мен жабындылары құрамында фенол, формальдегид сияқты зиянды химиялық заттар мен қорғасын, сынап сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Сол себепті сатып алған кезде ойыншықтың бүтіндігіне, бөлшектерінің мықты бекітілуіне, материалдың сапасы мен бояуына назар аударған жөн», — дейді Астана қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сәдуақас Нағметоллаұлы.

Талапқа сай ойыншық қандай болуы керек?

Фото: ашық дереккөз

Ойыншық немесе жаңа жылдық костюм сатып алу кезінде міндетті түрде сертификатын талап ету керек.

Департамент басшысының айтуынша, ойыншық сапасын тексеріп көрудің жолдары көп. Мысалы, ойыншықты ысқылап көруге болады. Ысқылаған кезде ойыншықтан бояу шықса, оны сөреге қайта қоюға, яғни сатып алмай қоюға болады. Ал жұмсақ ойыншықтар орамда болуы тиіс, өйткені олар өзіне барлық зиянды микроағзалар мен бактерияларды жинап алады.

«Мерекелік костюмдерді базардан алған кезде материалына қарап, табиғи матадан тігілгеніне көз жеткізіп алыңыз», — дейді ол.

Қандай ойыншықтар талапқа сай емес?

Фото: ашық дереккөз

Аталған департамент 2018 жылы Астана қаласы бойынша 173 атауымен балалар ойыншықтарын зерттеуге іріктеп алып, оның 87 сынамасында таңбалай бойынша 85%, органолептикалық көрсеткіштері бойынша 15% сәйкес емес екені анықталды.

«97% талапқа сай емес ойыншықтардың ішінде қуыршақтар, оның ішінде «Лол» майда қуыршақтар, машиналар, қуыршақтарға арналған ыдыстар және Белорусь Республикасында өндірілген сылдырмақ, ыдыс-аяқ жиынтығы бар», — дейді Сәдуақас Байғабылов.

Қандай сауда орындарына айыппұл салынды?

Фото: Нұржас Жақсыбай

Департамент анықтаған бұзушылықтар бойынша сомасы 336 700 теңгеге 7 айыппұл салынған. Сот шешімімен «Нұрлы ұя» ЖК-ға, «Алма Розничные сети» ЖШС-ға және «Балдырған» балалар дүкеніне 1,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Балдырған» балалар дүкенінен сомасы 176090 теңгеге 54 атауымен ойыншық саудадан алынды. Қауіпсіз ойыншыққа мониторинг өткізу кезінде 8 сауда объектісінің қызметі 1 күннен 1 айға дейін тоқтатылды», — дейді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы.

Сондай-ақ, «Алма», «Анвар», «Сұлтан», «Мир игрушек и шаров» супермаркеттерінде талапқа сай емес ойыншықтар сатылғаны анықталды.

«Шағым түспесе тексермейміз»

Фото: Нұржас Жақсыбай

Қытайдан ойыншықтар ойыншық сапасын растайтын құжатсыз әкелінген. Ондай ойыншықтар көбінесе базарларда сатылады, кейде сауда орындары тауар ассортиментін көп ету мақсатында базарға барып, талапқа сай емес ойыншықтардың 5-10 түрін алып, өзге тауарларына қосып сатады.

«Өкінішке қарай, базардан ойыншық сатып алып, үстіне баға қосып сататын адам оның сапасына, қаншалықты қауіпсіз екеніне мән бермейді», — дейді техникалық регламенттердің талаптарын сақтау бөлімінің басшысы Қарлығаш Абдішева.

Сонымен қатар, тұтынушы ойыншық сапасына қатысты ресми түрде шағым түсірмеген жағдайда департамент кез келген сауда орнына тексеру жүргізуге құқысы жоқ.

«Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында оларға жиі тексеріс жүргізуге тыйым салынған. Бұрын сауда орындары жылына екі рет тексеріліп отырса, қазіргі уақытта біз тек мониторинг жүргізіп, сауда орнындағы ойыншықтарды сатып алып, оған зерттеу жұмысын жүргізіп, соның нәтижесі бойынша ғана тексере аламыз. Жоспарсыз тексерудің тағы бір жолы – тұтынушы тарапынан шағым түсу. Егер сатып алушы алған тауарына қатысты шағымданса, бір шағым жасалған сауда орнына бір тәулік бұрын тексеретініміз туралы ескерту жасаймыз. Одан кейін ғана прокуратураға тексеру актісін береміз. Ал көп жағдайда прокуратура ондай арыздарды жүз пайыз тіркей бермейді, яғни шағымның қаншалықты маңызды екеніне, тауардың адам ағзасына қаншалықты зиянды екеніне қарайды», — дейді Қарлығаш Абдішева.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ