«Шабыт» жеңімпаздары марапатталды
Елордамыздың 20 жылдығына арналған фестивальдің жабылу салтанаты Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
Өнер әлеміндегі дарынды жастар үшін үлкен сахнаға жол ашатын – «Шабыт» фестивалі биыл классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография және журналистика бойынша үздіктерді таңдаған болатын.
«Журналистика» аталымы бойынша тележурналист Нартай Аралбайұлы бас жүлдеге ие болды. Ақиқаттың ақ-қарасын сапалы сараптап, өзіндік стилімен де, сөз саптау мәнерімен де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген жүргізуші көпшілікке «Мәселе» бағдарламасымен танымал.
Айта кетейік, «Журналистика» аталымы 6 жылғы үзілістен кейін қайта қосылып отыр.
«Халық музыкасы» аталымы биыл 3 секцияға бөлінді. «Үздік қылқобызшы» – Шолпан Шарапатова атанса, «Шертер, бас шертер» бойынша Әділжан Годжанов, «Прима-қобыз» бойынша Айым Мейірханова Гран-при иеленді.
«Хореография» аталымы бойынша елімізді әлемдік аренада танытып жүрген «Наз» мемлекеттік би театры жеңіске жетті.
Мейіржан Кеңесбаев, Айя Ғаббасова, Леонид Мысовский және Бағжан Есіркептің шекті квартеті – «Классикалық музыка» аталымының «үздік «камералық ансамблі» болып танылса, «Соқпалы аспаптар» бойынша Гран-при Арыстан Әбілдинге бұйырды.
«Эстрадалық вокал» аталымы бойынша астаналық Ахмет Сұлтанға тең келер әнші болмады.
XXI «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ең басты жүлдесі – Президент кубогына гобоишы Ислам Әлиев ие болды. Сонымен қатар ол «Классикалық музыка: ағаш үрмелі аспаптар» аталымында үздік деп танылған болатын.
Президент кубогын табыстаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Бұл фестивальдың сапасы жылдан-жылға артып, еліміздегі мәдени брендке айналып жатыр. Биыл әлемнің 10 елінің талантты жастары елордада бас қосты. Қазылар алқасының құрамында 15 елден келген көрнекті мәдениет өкілдері бар. Барлық қолдау көрсетушілерге алғыс білдіремін», деді.
Халықаралық өнер байқауының жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен және «Шабыт» фестивалінің дипломдарымен марапатталды.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Егемен Қазақстан»