«Шабыт» фестивалінде «Егеменнің» тілшісі Назерке Жұмабай жеңімпаз атанды

0

Биылғы байқау негізгі бес аталым бойынша өтті. Олар: Классикалық музыка, Халық музыкасы, Эстрадалық вокал, Хореография, Журналистика. Кейбір аталымдар секцияларға бөлініп, олардың әрқайсысында негізгі жүлделі орындар мен Гран-приден басқа, танымал өнер қайраткерлерінің құрметіне арнайы атаулы дипломдар тапсырылды.

Бүгін «Шабыт» фестивалінің жүлдегерлері анықталып, Ұлттық өнер универсиетінде жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Ал кешкі сағат жетіде, Бейбітшілік және келісім сарайында Гран-при иегерлерін марапаттайды және фестивальдің жабылу салтанаты өтеді.

Араға алты жыл салып, қайта «Шабыт» фестивалінің аталымдар қатарына енген журналистика саласы бойынша «Егемен Қазақстан» газеті әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі Назерке Жұмабай «Интернет ресурстары» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. Өнер тақырыбындағы өрнекті мақалаларымен оқырманға ой салып, қаламының қуатын көрсете білген талантты әріптесімізді жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»