Ш дыбысы мен әрпі, сауат ашу

0
Білім беру саласы: «Қатынас»
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекеті: «Сауат ашу».
Тақырыбы: Ш, ш дыбысы мен әрпі.
Мақсаты: Ш, ш дыбысы мен әріп таңбасымен таныстыру. Ш дыбысына мысалдар келтіргізу арқылы сөздік қорларын толықтыру, байланыстыра сөйлеуге уйрету.
Білімділігі: Ш дыбысы бар сөздерді ойлап табуға, дауысты – дауыссыз дыбыстарды бір — бірінен ажыратуға, баспа түрде жазуға дағдыландыру.
Дамытушылығы: Ойын арқылы тілдерін, ой — өрістерін, сөздік қорларын, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік мәні: Өз ойларын еркін жеткізе білуге тәрбиелеу.
Әдіс — тәсілдер: Көрсету, түсіндіру, сұрақ — жауап, ойын, қорыту.
Сөздік жұмыс: Ш дыбысы кездесетін сөздер.
Көрнекіліктер: Ш әрпінің баспа түрлері, суреттер, текшелер, карточкалар, сауат ашу әліппе — дәптері.

Мотивациялық-қозғаушы
Жылулық шеңбері.
— Балалар, кәнеки бүгінгі оқу іс — әрекетімізді бастамас бұрын бір — бірімізге жылы лебіздерімізді білдіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайықшы.

Мынау аспан астында,
Жақсы дос көп табылар
Бізде соның біріміз,
Сыйлығымызды қабыл ал.

— Балалар, мына суретте нені көріп тұрсыңдар?
Дұрыс бұл түлкі, сендерден көмек сұрап келіп тұр.
Қу түлкі, ормандағы барлық аңдарды алдап кеткен екен. Үйіне барайын десе, сол аңдар жолына тұрып алыпты. Балалар түлкіге көмектесеміз бе?
— Өте жақсы, олай болса түлкіге шатырман жолдар арқылы үйіне жетуге көмектесейік. Ол үшін жолда түлкіні күтіп жүрген аңдардың тапсырмасын орындайық. Жолға шығайық балалар. Алдымызда ағаш көрінеді, сол ағашқа жақындайық.
1. «Аң патшасы арыстанның тапсырмасы». Ағаштағы, қалған жапырақтарды жинаймыз. Жапырақтардың артында дыбыстар жасырылған. Қалай ойлайсыңдар неге мына себеттердің түстері әртүрлі?
Дыбыс пен әріптің қандай айырмашылығы бар?
— Дауысты, дауыссыз дыбыстар деген не?
— Жарайсыңдар, арыстанның тапсырмасын орындадық.
— Жолға шығайық балалар. Балалар, қараңдаршы жолды жауып тастапты.
2. «Бұл қорбаңбай аюдың тапсырмасы».
— Сөз неден құралады?
— Сөйлем деген не?
«Буындарды, сөздерді оқы»
Жарайсыңдар, балалар біз түлкіні аңдардан құтқардық.
Ол өз үйіне жетіпте қалды. Бірақ ол сендерге мына «Алтын сандықты» қалдырып кетіпті, ішінде хаты және тапсырмасы бар екен.
Хатты оқимын. Балалар сендерге көп рахмет, маған көмектестіңдер. Мен енді ешқашан ешкімді алдамауға уәде беремін. Сау болыңдар.

— Мына жұмбақтың шешуін тапсаңдар, сыйлық сандықтың ішінде:
— Тікен, тікен, тік пісте
Қысы, жазы бір түсте.
«Шырша» сөзінде қандай дыбыс естіп
тұрмыз?
«Ш» дыбысы қалай айтылып тұр
Кедергімен бе, әлде кедергісіз бе
— Дұрыс дыбыстар кедергіге ұшырап тұр
— Өте жақсы, олай болса «Ш» дыбысы қандай дыбыс екен?
-«Ш» дыбысы дауыссыз болса, онда оны қандай текшемен белгілейміз?

Мына суретке назар аударайық
«Ш» дыбысы қалай айтылып тұр?
– Ерніміз дөңгеленеді, тістерімізді бір — біріне жақындатамыз, тілімізді жоғары қарай көтереміз, бірақ таңдайға тірелмейді, дауыс шымылдығы дірілдемейді, ішінен келген ауа ағысы жылы.
– Міне түлкінің сыйлығы «Ш» дыбысының әріп таңбасы, бас әрпі және кіші әрпі.
«Ш» дыбысы неге ұқсайды?
– Айырға аздап ұқсайтын
Сабы жоқ бірақ ұстайтын
Тарақты еске салатын
Қайсы әріп кім бар табатын?

Тіл ұстарту жаттығуы:
ША — ША — ША
БІЗ ТЕБЕМІЗ ШАНА

Д/О: «Қай дыбыстан басталады?»
Сурет атаулары қандай дыбыстан басталып тұрғанын тауып, тиісті әріпті қоямыз.
Шыққан сөздерді оқимыз.
— Дұрыс, балалар «Ш» дыбысы сөздің басында, аяғында, ортасында да кездеседі.
1. Тапсырма «Дыбыстық талдау» үстел үстінде.
2. Сөйлем құрау.
3. Буындарды оқы.
4. Жаңылтпаш жаттау.
Барлық баламен «Ш» дыбысына жаңылтпаш айтайық. (Сыбырлап, орта дауыспен, қатты дауыспен)
— Шаңқ — шаңқ, етіп шағала,
Шабақ ілер жағада.

Сергіту сәті
Бір, екі, үш. Бір, екі, үш
Бойға жинап күш
Қолға қалам аламыз,
Сауатты етіп жазамын.
5. Тапсырма
«Буынға, буын қос»
6. Тапсырма: «Қай әріп жоғалып қалды?
Ала… а, ша… у, ш… р, ал… а.
– Балалар «Ш» дыбысын кәне ауада жазып көрейік.
– Дәптермен жұмыс.
Қаламды дұрыс ұстап, жазу кезіндегі отыру ережесін еске түсіріп, нүктелерді бастырып жаздырту.

Қорытынды:
Көңіл — күй әдісімен қорыту
Сендерге сабақ ұнады ма?
Несімен қызықты болды?
– Жарайсыңдар, балалар, осымен бүгінгі оқу іс — әрекетімізді аяқтаймыз, келген апайлармен қоштасайық.

Біз ақылды баламыз,
Айтқан тілді аламыз
Бүгінгі келген қонаққа
Сау болыңыздар деп айтамыз.

Күтілетін нәтиже:
Білуі керек: «Ш, ш» дыбысы мен әрпін.
Игеруі: Дауысты — дауыссыз дыбыстарды бір — бірінен ажыратуды, «Ш» дыбысы дауыссыз дыбыс екенін.
Меңгеруі: Сұраққа жауап беруді, баспа түрде жазуды меңгерді.
Ш дыбысы мен әрпі жүктеу

Дереккөз: http://bilimdiler.kz/