Сеулдегі қазақстандықтар наразылық кезінде ұсталғандарды қолдап, акция өткізді

0

15 маусымда Сеул орталығындағы қала әкімдігі маңында 25-30 шақты адам Қазақстандағы наразылық кезінде ұсталғандарды қолдап, акция өткізді.

«Белсенділер – қылмыскерлер емес», «Әділ сайлау», «Ұрма, атпа», «Оян» деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтар «Шындықты талап етеміз» деп бәрі бірігіп ұрандатты. Акцияны ұйымдастырған жастардың бірі Азаттыққа шараға жастар да, ересектер де қатысқанын айтты. Аты-жөнін атаудан бас тартқан студенттің айтуынша, акция таңертеңгі сағат 10-нан басталып, түскі 12.30-ға дейін жалғасқан. Акцияны өткізуге полиция рұқсат берген.

– Акцияның мақсаты – жақында бейбіт шеруге шығып, гимн айтып, полицияға түскен азаматтарды қолдау, Қазақстанда таңдау еркіндігі жоқ, сөз бостандығы жоқ деп өз пікірін айтқан азаматтарға қолдау көрсету. Полиция оларды ұстап, 5-15 күнге қамап тастады. Тіпті оған қатыспағандарды да қамады. Не себепті Кореяда өткізіп жатырмыз? себебі мұнда сөз бостандығы, демократия бар, бізді мұнда ешкім қамамайды. Корея полициясы керісінше акция кезінде бізді қорғады. Осындағы тәртіпті бақылап тұрды. Бүкіл әлемдегі қазақтар осылайша шараға шығып, пікірлерін айтса жақсы болар еді, – деді акцияға қатысушылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Студенттің айтуынша, Сеулдегі Қазақстан елшілігі өкілдері акция туралы білген соң оны ұйымдастырушыларға хабарласып, өткізбеуге кеңес берген. Кейінірек акцияны ақпарат құралдарына хабарламасай «ың-шыңсыз» өткізуін сұраған. Шараны ұйымдастырушылар әуел баста акцияны елшілік алдында өткізбек болған. Бірақ оған қатысатын адамдар саны көбейгендіктен және елшілік орналасқан көше тар болғандықтан қала орталығында өткізуді ұйғарған.

Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды «арандатушылар» деп атап, азаматтарды «қажет болған соң» ұстаған полиция «кәсіби міндетіне сай» әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қазақстан билігі елдегі митингіге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатыстары жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз