Сеулдегі қайғылы оқиға: қаза болғандар саны 151-ге жетті

0

Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде 151 адам қайтыс болды, 82 адам жараланды, — деп хабарлайды Koreaherald.com.

Сағат 10.30-дағы өртсөндіру бөлімінің мәліметі бойынша, Сеулдің орталығындағы Итэвон, Енсангуде 151 адам қаза тауып, 82-ден аса адам жарақат алды. Ал сенбіде сағат 22.22-де өртсөндіру бөліміне тыныс алуы қиын науқастар туралы хабарламалар келе бастаған.

ТЖМ қызметкерлерінің айтуынша, қаза тапқандарды анықтау біраз уақыт алады.

Қаза болғандардың көпшілігі 20 жаста болған. Шенеуніктер жексенбіде сағат 10.30-дағы жағдай бойынша, қаза тапқандар арасында 19 шетелдік болғанын растады. Қайтыс болған шетелдік азаматтар арасында Иран, Өзбекстан, Қытай және Норвегиядан келгендер болған.

Қаза тапқандар арасында 97 әйел мен 54 ер адам болған.

Осы оқиғаға барлығы 848 адам жұмылдырылған, оның ішінде 364 өртсөндіруші және 142 жедел жәрдем көлігі бар.

Сағат 23.30 шамасында құтқарушылар Итэвондағы Гамильтон қонақ үйі маңында есінен танып қалған ондаған адамға жүрек-өкпе жаттығуын жасаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға орнында жүрек ұстамасы бар 50-ге жуық науқас болған.

Басылым мәліметінше, сенбіде түстен кейін 100 000-ға жуық адам Хэллоуиннің алғашқы демалысын COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері бетпердесіз және әлеуметтік шектеулерсіз атап өту үшін ойын-сауық ауданында болған.

«Мемлекеттік басқару және қауіпсіздік министрі бастаған барлық тиісті министрлік пен ведомство зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін бар күш-жігерін салуы керек», — деді президент әкімшілігі баспасөз хатшысының орынбасары Ли Джэ Мен.

Президент бүкіл ел бойынша өтетін Хэллоуин іс-шараларында туындауы мүмкін төтенше жағдайларды жою үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырды. Сеул мэрі О Се Хун да Еуропаға іссапарынан дереу оралуға шешім қабылдаған.

Айта кетейік, Сеулде Хэллоуинді тойлау барысында 50 адамның жүрегі тоқтап қалған болатын. Кейінірек қаза тапқандар саны артқаны белгілі болды.