Серік Сәпиев депутаттық мандатын қайтарды
Қысқа сілтеме алу
Олимпиада чемпионы мемлекеттік қызметке шақырту алды
АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. Мәжілістің пленарлық отырысында әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Серік Сәпиев депутаттық мандатын қайтарды.
Сәпиевтің өкілеттігін тоқтату туралы ұсынымды Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов оқыды.
«Орталық сайлау комиссиясы отставкаға кету туралы өтініштің негізінде Қазақстан мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев Жұманғалиұлының өкілеттігін мерзімнен бұрын тоқтату туралы ұсыным әзірледі», — деді Мелдешов.
Мәжіліс депутатының мерзімнен бұрын өкілеттігін тоқтатуы мемлекеттік қызметке ауысуымен байланысты.
Тағы оқыңыз: Сәпиев шыршаны өз медальдарымен безендірді
«Бірінші кезекте «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғанымда сенім артқан мемлекет басшысына алғыс айтамын. Сондай-ақ Нұрлан Зайроллаұлы (Нығматулин — мәжіліс төрағасы), сізге және әр әріптесіме теңдесіз тәжірибесін бөлісіп, мәжіліс жұмысында қолдау білдіргені үшін алғысым шексіз. Біз әрі қарай да мемлекетіміздің игілігі мен қоғамның дамуы үшін жұмыс істейтін боламыз», — деді Олимпиада чемпионы өзінің қоштасу сөзінде.
Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Сәпиевке мемлекеттік қызметте сәттілік тіледі. Спикер Серік Сәпиевтің нақты қандай қызметке ауысқанын хабарламады.
«Әрі қарай бақыт пен ашық жол тілеймін және сіздің әлі талай жеңіске жететініңізге сенімдімін», — деді ол.
Серік Сәпиев 2017 жылдың 28 ақпанында мәжілістің VI шақырылымының депутаты болды. Бұған дейін Astana Arlans клубының бас директоры қызметін атқарған еді.
©
Sputnik / Болат Шайхинов
Мәжіліс депутаты Серік Сәпиевтің есімі жазылған тақта
36 жастағы Серік Сәпиев Қазақстанның бокстан еңбегі сіңген спорт шебері, 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы. 2012 жылы ол Лондонда Олимпиада чемпионы болды.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/