Сенімсіз серік. Ресейдің одақтастары одан алшақтап жатыр ма?
Мәскеу басқыншылығынан кейін Ресейдің одақтастары одан алшақтап жатыр ма?
«ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАП ЖАТЫР»
Азаттық: Кейбір Батыс сарапшылары Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдері Мәскеуден алшақтап жатыр деп есептейді. Бұл туралы не дейсіз?
Дженнифер Брик Муртазашвили: Ресеймен экономикалық қарым-қатынас терең болғандықтан аймақ елдерінің қысқа мерзімде Мәскеуден алыстауы қиын деп ойлаймын. Алайда Орталық Азияға Ресей ірі инвестиция құйса, таңғалмаймын. Бірақ ол инвестициялардың болашағы қандай болатынын білмеймін. Мысалы, көп жыл бойы сыртқа жабық болған Өзбекстанда билік басына [Шавкат] Мирзияев келген соң елдің экономикасы сыртқа ашық бола бастады, Ресей инвестициялары келді. Сондай инвестициялардың бірі – «Росатомның» Ташкент түбінде үлкен атом электр станциясын салу жобасы. Ресей экономикасы қиын жағдайға қалғанда бұл жоба қандай күй кешіп жатқаны қызық. Еуразия экономика одағының мәртебесі қандай? Алдағы айларда немесе жақын жылдары Еуразия экономика одағы айтарлықтай әлсіресе таңғалмаймын. Орталық Азия елдерінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысуы туралы да тура осыны айтар едім.
Азаттық: Кей сарапшылар Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның қарым-қатынасы нашарлады деп есептейді. Ал сіз Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның арасында шиеленісті байқадыңыз ба? Қазақстан Ресейден алшақтап жатыр ма?
Дженнифер Брик Муртазашвили: Иә, бұл расында да маңызды. Бұл ретте Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт] Тоқаев Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын ашық айтты. Дәл осындай мәлімдемені Абдулазиз Камилов Өзбекстан сыртқы істер министрі қызметін атқарғанда айтқан еді. Осылайша екі ел Ресейден алшақтап жатқанын байқауға болады. Бірақ Қазақстан мұны Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда агрессивті түрде жасап отыр, себебі Ресеймен үлкен шекарасы бар. Меніңше, Путиннің «Қазақстан мемлекеттілігі болмаған» деген мәлімдемесін есепке алсақ, Қазақстан жетекшілігінің алшақтаудан басқа амалы жоқ. Олар жерінің тұтастығына қатер төнеді деп қауіптенеді. Сол себепті болашақта Қазақстан аймақтық интеграция бойынша бастамалар көтерсе таңғалмаймын.
Азаттық: Ал Ресейден алшақтаудың қандай қатері бар?
Дженнифер Брик Муртазашвили: Бұл ретте қаржы және қауіпсіздік жағынан, Ресей аймақты тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін деген қатерлер бар. Әрине, Орталық Азия елдері көршімен жақсы қарым-қатынас ұстанғысы келеді. Аймақтан Ресейге барып жұмыс істейтін еңбек мигранттарының мәселесі тағы бар. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері Ресейдің қаншалықты осал екенін түсінді деп есептеймін. Меніңше, бұл елдер көп жыл бойы Ресейге серіктес, совет кезеңінен келе жатқан түсінікпен бақылаушы деп қарады. Бірақ қазір мүлде басқа нәрсе көріп тұрмыз. Еңбек мигранттарына келгенде Ресей Орталық Азияға қатты тәуелді. Орталық Азия да Ресейге тәуелді екені рас. Алайда Ресейге қарсы санкциялар мен жұмыс күшінің тапшы екенін ескерсек, Мәскеу Орталық Азия елдеріне және экономикасын ұстап тұру үшін жұмыс күшіне мұқтаж.
Азаттық: Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы жыл басынан бері үш мәрте тоқтатылды. Бұл кездейсоқ нәрсе ме әлде Ресейдің қасақана жасаған әрекеті ме? Мұның артында не тұр?
Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, бұл кездейсоқтық емес. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының шиеленіскенін ескерсек, Ресей мұны әдейі жасады деп есептеймін. Қазақстан билігі мұндай әрекет алдағы айларда, тіпті жылдарда жалғасатынын болжап отыр деп санаймын. Ал бұл Орталық Азия елдері өзге транзит дәліздерін, өзге құбырлар мен Ресейден алшақтайтын өзге дүниелерді белсенді түрде іздей бастайды деген сөз. Аймақтың болашағы қарым-қатынасты әртараптандыруда жатыр.