«Сені ұрған мен емес, қолымды ұруға сен итермеледің»: Әйтеновтің бұрынғы әйелі күйеуінен көп жыл бойы көрген қорлығын айтты
Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешова сот отырысында ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотта Әтешова бұрынғы күйеуінің оны жүйелі түрде ұрып-соққанын айтып берді. Марат Әйтеновтің адвокаты оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрап жатқанын айтты. Бірақ Әтешова оны кешіре алмаймын деп жауап берді.
«Жоқ, кешірмеймін. Біз 9 жыл қорқынышпен өмір сүрдік. Мен тек қауіпсіздік сұраймын. Мұндай әрекеттер, желідегі қоғамдық пікірді манипуляциялау, видеода бар істі, кінәсін мойындамау, бірнеше рет маған жала жапқаннан кейін мұндай адамды кешіре алмайтынымды түсінемін», – деді Әтешова.
Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі қатесін түсінбеді және сабақ алған жоқ. Әйтенов Әтешоваға ешқандай зиян келтірмедім деген екен.
«Мен 9 жыл қысым көрдім. Мені ұрып-соққан соң таңертең түрімді көріп «Сені ұрған мен емес, қолымды ұруға сен итермеледің. Тілің ащы, соныңмен қолымды ұрғызуға мәжбүрледің” дейтін”, – деді жәбірленуші.
Сөзінше, бұрынғы күйеуі оның үстінен полицияға бірнеше рет арыз жазған. Соңғысы Әтешованы балаларымен бірге қуып шыққаннан кейін болды.
«Видеода не болғанын бәріміз көрдік. Сонда да айыпталушы мені қылмыстық жауапкершіліктен құтқарғысы келетінін айтты. Бірақ ол менің үстімнен қылмыстық іс қозғады. Жанындағы нөкерлер оған көмектесіп жатыр. Олар маған қарсы бірнеше арыз берді. Меніңше, бұл моральдық, психологиялық, қаржылық қудалау”, – деді Әтешова.
Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп, қуып шықпақ болғанын айтты. Әтешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.
Бұған дейін Марат Әйтеновтың 5 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік.