Сенаттың жаңа төрағасы сайланды
Қысқа сілтеме алу
Осы жылдың 2 мамырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатқан болатын
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Мәулен Әшімбаев парламент сенатының төрағасы болып сайланды. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли растады.
4 мамырда мемлекет басшысының жарлығымен Мәулен Әшімбаев сенат депутаты болып тағайындалды. Бұған дейін ол президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған еді.
Осы жылдың 2 мамырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатты.
Ол 2016 жылдың 13 қыркүйегінен бастап парламенттің жоғары палатасының депутаты болды. 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың мамырына дейін сенат төрағасы қызметін атқарды.
Мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваға сенат төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін ризашылығын білдірді.
Тағы оқыңыз: Назарбаеваның сенаттан кетуінің себебі неде – саясаттанушылар пікір білдірді
Айта кетсек, сенатты депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады.
Сенат төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан президенті ұсынады.
Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі — алты жыл.
Сенаттың он бес депутатын республика президенті тағайындайды. Сенаттың тағайындалған депутаттарының өкілеттігі президенттің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
sputniknews.kz