Сенатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі саласындағы мәселелер талқыланды

0

Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев кездесуді аша келіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың тиімді жұмыс істеуі қазақстандықтар үшін маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.  

Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Инвестициялар және даму министрлігі әзірлеген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына түскен болатын.

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев депутаттарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жоспарланып отырған реформаларды таныстырды. Алдағы ауқатта «бір үй – бір меншік иелерінің бірлестігі – бір шот» секілді көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару үлгісі ұсынылатын болады. Бұл тұрғындарға қаржыны тек өздерінің үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жинақтауға, сонымен қатар қаржылардың түсімін және олардың мақсатты жұмсалуын бақылауға  мүмкіндік береді.

Сенатор Әлімжан Құртаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында орын алған маңызды мәселелерге тоқталды. Ол тариф қалыптастыру үрдісінің ашық еместігі, апатты тұрғын үйлердің шамадан тыс көптігі, тұрғын үй басқару органдары жұмысының нашарлығы мен қызмет сапасы деңгейінің төмендігі, ресурс үнемдеуді ынталандыру мен жаңа технологияларды енгізу мен тұрғын үй басқару органдарына әсер ету тетіктерінің жоқтығы секілді мәселелерді атапөтті.

Кездесуге «Қазақстан құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова, Табиғи монополияны реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Асан Дарбаев, Солтүстік-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов, «Республикалық пәтер мен үй-жай иелері кооперативтерінің ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Вице-президенті Шамиден Тапаев сөз сөйледі.

Кездесуге қатысушылар еліміздің тұрғын үй қорының жағдайын, үйлерді күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландыру, пәтер иелері жинаған қаржыны жұмсаудың ашықтығы және тағы басқа мәселелерді талқыға салды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын тиімді қолдау және одан ары дамыту шаралары әзірленетін болды.

Дереккөз: http://egemen.kz/