Сенаторлар жер қойнауын пайдалану мәселелерін талқылады

0

Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев өз сөзінде парламентшілер Ақтөбеде 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексін іске асыру барысын және агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдайды жетілдіру мәселелерін талқылағанын еске салды.

Сенатор атап өткендей, Ақтөбе облысы пайдалы қазбаларға бай аймақтардың қатарына кіреді. Аймақта сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және қайта өңдеу көлемі ұлғайып келеді. Осы орайда, салалық мекемелер мен жергілікті кәсіпорындардың өкілдерімен өткізген жиын барысында жер қойнауын пайдалану және ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар сараланды.

Орталық атқарушы органдардың өкілдері сенаторларға көшпелі отырыс қорытындысы бойынша қабылданған тиісті хаттамалардың орындалуы туралы хабарлады.

Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов пен инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы жүзеге асыруға байланысты мәселелерді шешу туралы депутаттарды хабардар етті. Олар жер қойнауын пайдалану туралы шарттарды жасау және тоқтату тәртібіне, сондай-ақ, пайдалы қазбаларды өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алуға байланысты мәселелерге түсініктеме берді.

Сенатор Мұхтар Жұмағазиев жер қойнауын пайдалану туралы шарттарды тоқтату жөніндегі комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін қосу қажеттігі туралы айтты. Депутат сондай-ақ қайтарып алатын жерлердің орнына шаруаларға өтемақыны қарастыратын нақты тетіктер немесе құны соған сәйкес келетін жер учаскілерін ұсыну қажет деп есептейді.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді толғандырған мәселелерге орай жауап берді. Саланы мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы, субсидиялар мен несие бөлу тәртібі және ет өнімін шет елдерге экспорттауды ілгерілетудің келешегі талқыланған мәселелердің қатарында болды.

Талқылауға Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, «Степное» серіктестігінің директоры Аманғос Төлеуов, «Парижская коммунаның» директоры Гайк Тертерян мен экспорттық кәсіпорын басшысы Алмат Берденов қатысты. Сенат депутаттары Рашит Әкімов, Бекмырза Еламанов пен Дүйсенғазы Мусин сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.