Сенатор депутаттық сауалында актерлердің жалақысын өсіру мәселесін көтерді

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

345 0 0

Сенатор театр актерлерінің орташа жалақысы 59 мың теңге екенін айтты

АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Сенат депутаты Нариман Төреғалиев театр актерлерінің жалақысы төмен екенін, олардың баспанаға қолы жетпей жүргенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Оған театрдағы жас әртістердің тұрмыстық жағдайының төмендігі себеп болған.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 68 театр, оның ішінде 52 мемлекеттік және 16 жекеменшік театр жұмыс істейді.

Республикамыздың 52 мемлекеттік театрында 7533 адам, оның ішінде 1538 жас маман қызмет істейді. Яғни жастар барлық қызметкерлердің 20% құрайды.

«Мәдениет саласы мамандарымен, оның ішінде театр қызметкерлерімен кездесу барысында үнемі көтеріліп жүрген бірқатар мәселеге тоқталғым келеді. Олардың бірі – еңбекақы. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, театрда қызмет істеп жүрген жас әртістердің шығармашылық құрамы үшін орташа лауазымдық айлық жалақы — 59 мың теңгеден 76 мың теңгеге дейін, ал техникалық құрам үшін — 43 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін. Бұл қосымша төлемақыны қоса есептегенде. Ал қолдарына тиетін еңбекақы одан да төмен», — деді депутат.

Сонымен қатар Нариман Төреғалиев жас актерлерді баспана мәселесі қатты толғандырып жүргенін атап өтті.

«Республика бойынша 1538 жас әртістің 3,7% қызметтік пәтермен, 9,7% жатақханамен қамтылған. Ал 33,8% ата-аналарымен бірге тұруға, қалған 42,5% пәтерді жалға алуға мәжбүр болып отыр. Олар үшін «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу және баспананы жалға алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Аталған жағдайлар театрдағы жас мамандарды еш ынталандырмайтыны анық», — деді сенатор.

Оның пікірінше, аталған жағдайлар жастардың басқа салаларға кетуіне, әсіресе, ауылдық жерлерде мамандардың жетіспеушілігіне әкеліп отыр.

Осы орайда депутат жас әртістерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет екенін айтты.

«Бірінші – сәйкес қаулыға театр әртістерінің жалақысын өсіруге қатысты өзгерістер енгізу керек. Екінші – мемлекеттік мәдени ұйым басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес, категория алу мерзімдерін қысқарту қажет. Үшінші – «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан сертификаттармен қамтамасыз ететін мүмкіндік қарастыру керек. Төртінші – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға беру тетіктерін қарастыру қажет», — деді Нариман Төреғалиев.

Сөз соңында сенатор ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтан аталған мәселені назардан тыс қалдырмауды өтінді.

«Осы айтылғандарды қолдаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға жас әртістердің еңбекақысын көтеру және тұрғын үй бағдарламаларына қатысуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз», — деп түйіндеді сөзін Нариман Төреғалиев.



sputniknews.kz