Сенат сайлауы: кандидаттардың бірі қайтыс болды

0

Қазақстанда сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу осы жылдың 23 шілдесіне дейін жалғасады, сайлау 12 тамызда өтеді

10 шілде күні пневмониядан көз жұмған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров сенат депутаттығына үміткер 94 кандидаттың бірі болған.

Сенат сайлауына арналған отырыста Алматы облысы аумақтық сайлау комиссиясының өкілі сенат депутаттығына кандидаттардың бірі қайтыс болғанын мәлімдеді.

10 шілдеде Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел өңір басшысының орынбасары Серікжан Бескемпіров екіжақты пневмониядан көз жұмғанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, коронавирустан Алматы облысы Текелі қаласы сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бәкен Жаманқұлов қайтыс болды.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының басшысы Берік Имашев сенат депутаттығына 94 үміткер ұсынылғанын айтты. Олардың арасында Серікжан Бескемпіров бар. Оны ОСК тіркеген. Тіркеуді алып тастау кейбір құқықтық процедураларды қажет етеді.

Сенат сайлауы

Парламент сенатының сайлауы 12 тамызда өтеді.

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну 13 маусымда басталып, 12 шілдеде аяқталды.

Үміткерлерді тіркеу тиісті құжаттар ұсынылғанына қарай басталып, 23 шілдеде тоқтайды.

Сайлау алдындағы үгітке 18 күн қарастырылған. 11 тамыз – тыныштық күні, ал 12 тамыз – дауыс беру күні.

Сайлау қорытындысы 18 тамызға дейін анықталады.

sputniknews.kz