Сенат «мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасын қабылдады

0

26 желтоқсанда парламенттің жоғарғы палатасы «мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын» қабылдады. Енді құжат президентке қол қоюға жіберіледі.

«Ең басты, ең керек нормалар қабылданды» деді сенат отырысынан кейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистерге. Оның айтуынша, заңда жазылған нормаларды орындау үшін 2024 жылға дейін 5,3 тиллион теңге қаржы бөлінеді.

Заң жобасы авторларының айтуынша, жобаның мақсаты — «білім беру заңнамасындағы олқылықтарды жою, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту, мұғалімдерді негізсіз тексерулерден қорғау, педагог мәртебесін реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді жетілдіру».

Заң жобасындағы негізгі ережелер:

  • 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді;
  • Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған;
  • Ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру;
  • ЖОО-дан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру көзделген;
  • мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін көбірек айыппұл төлету жағы (20-120 АЕК айыппұл) қарастырылған;
  • Мұғалімнің ар-намысына тию фактісі Әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша жазаланады (30 АЕК көлемінде айыппұл, қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алу жазасы да бар);

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі өкілдері заң жобасында сонымен бірге мұғалімдердің демалысын 42 күннен 56 күнге жеткізу, сайлау науқанына қатысқысы келген мұғалімдерді сабақтан босатып, ақша төлеу мәселесі қарастырылғанын айтқан еді.

Министрлік дерегінше 19 баптан құралған заң жобасы бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысына қатысты. Бұған дейін Асхат Аймағамбетов егер заң жобасы жыл соңына дейін қабылданса, келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы да өседі деп айтқан.

Қазақстанда мұғалімдер қызмет міндетінен тыс жұмысқа жегілетінін, директорлар мемлекеттік газеттерге мәжбүрлеп жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне мәжбүрлі түрде билет алғандарын айтқан.

Оқи отырыңыз: «Мұғалімнен дәретхананы күзетуді талап еткен» полицей уақытша жұмыстан шеттетілді

Қазақстанды 30 жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін бірнеше рет «жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын» сынаған.​ Парламентте де депутаттар бұл мәселені көтерген. Бірақ мұғалімдер әлі күнге дейін еркінен тыс жұмысқа жегіледі.

Биыл маусымда үкімет «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқыға шығарған.

Azattyq