Сенат депуттары Қытайдан қарыз алу туралы келісімді мақұлдады

0

11 сәуірде Қазақстан сенатының жалпы отырысында депутаттар Қытайдан қарыз алу үшін екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

20 жылға екі пайызбен алынғалы жатқан қарыз көлемі — 2 миллиард юань (шамамен 113 млрд теңге). Нұр-Сұлтан бұл ақшаға шекарада тоғыз көлік және бір теміржол өткізу бекетін салуды жоспарлап отыр.

— Еуразия экономикалық одағы сыртқы шекарасының қазақстандық учаскесінде өткізу пунктілерінің кедендік инфрақұрылымын дамыту қажет. Қазіргі инфрақұрылыммен көліктерді жедел әрі кезексіз өткізу мүмкін емес. Бұған қазақ-өзбек шекарасындағы ахуал дәлел. Қазақстан бетіндегі өткізу пунктінде күн сайын 100-300 көлік кезекте тұр, тауар тасымалдаушылар үш тәулікке дейін кезек күтеді, — деді Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Оқи отырыңыз: Несие шақыратын сапарда қайтарым жайлы айтылмайды

Министр Смайылов шекара бекеттерін жөндеу жұмыстары биыл жыл соңында басталып, 2022 жылы аяқталатынын хабарлады. Жоспар бойынша, алдымен Қазақстанның Қытай мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу бекеттері жөнделеді. Орнатылатын техниканың 70 пайызы Қытайдан сатып алынады.

Көрші екі ел арасындағы несие келісіміне 2018 жылы маусымда Пекинде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин қол қойған.

Azattyq