Сенат депутаттары Жоғарғы сот судьясын сайлады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы сот судьясы болып сайланды

АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Бүгін сенаттың жалпы отырысында президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьясын сайлау туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Сіздердің қарауларыңызға мемлекет басшысының Жоғарғы сот судьясы қызметіне Мейрамбек Таймерденовті сайлау туралы ұсынымы енгізіліп оттыр. Мейрамбек Таймерденов белгілі және тәжірибелі заңгер, прокуратура, әділет органдарында және тікелей сот жүйесінде бірталай жыл еңбек етті. Судьялық қызмет өтілі 15 жылдан асады. Оның ішінде басшы судья лауазымдарында он бір жылдан бері қызмет атқаруда. Кезінде Алматы қалалық сотын басқарды, соңғы жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы болды», — деді Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов.

Сенат отырысына қатысып отырған 46 депутаттың 45-і ұсынылған кандидатураны қолдап дауыс берді. Бір депутат дауыс бермеген.

Осыдан кейін жоғарғы сот судьясы қызметіне сайланған Мейрамбек Таймерденов депутаттар алдында ант берді. 

Мейрамбек Таймерденов 1958 жылы туған, жоғары заңгерлік білімі бар.

Өзінің еңбек жолын заңгерлік мамандығы бойынша 1983 жылы Алматы облысы Қаскелең аудандық халық сотының сот орындаушысы лауазымынан бастаған.

1993 жылдан 1997 жылға дейін прокуратура органдарында қызмет істеді.

1997 жылы сәуір айында Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.

1999 жылы – Алматы облыстық сотының судьясы.

2001-2005 жылдары – Әділет министрлігі тіркеу қызметі комитетінің төрағасы.

2006 жылы Жоғарғы соттың жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2007-2012 жылдары – Алматы облыстық сотының төрағасы.

2012 жылдың наурызынан бастап – Алматы қалалық сотының төрағасы.

2013 жылғы желтоқсаннан қазіргі уақытқа дейін Алматы облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.



sputniknews.kz