Семейде «Vup.kz» мобильді қосымша іске қосылды

0

Бұл қосымшаның ерекшелігі, жұмыссыз жүрген жандар бос жұмыс орындары мен әртүрлі қызметтер жөнінде тегін ақпарат алып, өздері туралы мәліметтерді де осында орналастыра алады. Қарапайым тұрғындар да қосымшаны пайдаланып, өздеріне қажетті мамандарды (сантехник, электрик, сылақшы, тағы басқа) табуына мүмкіндік бар.

«Бұл қосымша жұмыссыз жүрген кісілерге де, қарапайым тұрғындарға да пайдалы. Мәселен, сіз сантехник немесе электрик болсаңыз, үйден шықпай-ақ қосымшаға өзіңіз туралы мәліметтерді енгізіп қоюыңызға болады. Еліміздің кез келген тұрғыны өзі тұратын қаладан (аудан, ауылдан) сантехник немесе электрик іздесе,  осында кіріп, аталған мамандарды таңдай алады. Өзіне қолайлы бағаны қояды. Мобильді қосымша «Бос жұмыс орындары», «Көмек», «Қызмет көрсету» секілді бөлімдерден тұрады. Қосымшаны барлық қазақстандықтар Play Market, App Store бағдарламалары арқылы көшіріп, тегін қолдана алады. Ерекше айтқым келетіні, «Көмек» бөлімі арқылы үйіңіздегі артық заттар туралы ақпаратты қосымшаға орналастырып, мұқтаж жандарға да жәрдемдесе аласыз», — дейді қосымша авторы.

Қала, аудан, ауыл тұрғындарының пайдалануына қолайлы бағдарламаны жасап шығу үшін автор бір жылдай тер төгіпті. Тегін қосымшаға 40 шақты бос орын мен 100-ге тарта қызмет түрлері енгізілген. Өнертапқыш қосымша Қазақстан бойынша жұмысын бастағанын, елімізде IT мамандардың аздығынан әзірге тілі орысша болғанымен, бір-екі ай көлемінде қазақша нұсқасы іске қосылатынын жеткізді. Қарапайым тұрғындарға қажетті істі қолға алған кәсіпкер жігіт Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары тарапынан қолдау болса, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін айтады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы