Семейде Рахат Мамырбекті еске алған жарыс өтті

0

Семейде журналист Рахат Мамырбекті еске алуға арналған «Жайдарман» ойынының (бұрынғы КВН) аймақтық жарысы өтті. Рахат Мамырбектің бауыры Арафат Мамырбектің айтуынша, Семей қаласының мәдениет үйінде өткен ойынға Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласынан бірнеше команда қатысты. Үздік өнер көрсеткен ойыншыға Рахат Мамырбек атындағы жүлде берілді.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің қызметкері Гүлмира Жанқадамова Рахат Мамырбектің 2001 жылы Шәкәрім атындағы университетте құрған «Ертіс шортандары» КВН командасында ойнағанын айтады.

— Ол 2000 жылы университетте «Болашақ» пікір-сайы клубын ашты. Көңілді тапқырлар клубы ойындарын өткізу туралы идея айтып, 2001 жылы мамырда екі команда арасында ойын өткізді. Ол кұрған «Ертіс шортандары» командасы 2001 жылы Семей атынан Алматыда бірінші лига ойындарына қатысты, — деді Гүлмира Жанқадамова.

Еске алу шарасын Рахат Мамырбектің клубында ойнаған шәкірттері ұйымдастырды. Арафат Мамырбек Рахат Мамырбекті еске алуға арналған «Жайдарман» ойыны енді жылда өткізілетінін айтады.

Журналист Рахат Мамырбек 2017 жылы 20 желтоқсан күні 39 жасында дүниеден өтті. Ол 2012 жылдан бері Азаттықтың Қазақ редакциясы Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. Ол Азаттықтағы «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды, AzattyqLIVE xабарын тікелей эфирде жүргізді.

Рахат Мамырбек ҚазҰПУ-ды саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. Азаттыққа келгенге дейін «Қазақстан», «31-арна», КТК және «Алматы» телеарналарында жүргізуші, редактор болған. «Қазақстан» телеарнасында жергілікті телеаудиторияға кең танылған «Күлтөбе» телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Дереккөз: Азаттық