Семейде көмірге кезек күткендер төбелес шығарып, ер адам көз жұмды

0
Семейде көмірге кезек күткендер төбелес шығарып, ер адам көз жұмды


Семейде көмір үшін талас болып, салдарынан кезекте тұрғандар арасында жанжал туған.

Оның соңы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 13 қараша күні Семей қаласынан 110 шақырым жерде орналасқан «Қаражыра» көмір кен орнында болған.

Қатты отын үшін жапатармағай жанталасып таласқан азаматтар арасында жанжал туған. Соңында 33 жастағы қала тұрғыны кезекте тұрған азаматтың қолынан көз жұмған. Куәгерлердің сөзінше, ашуға булыққан азамат оны жауыздықпен өлтірген.

Полиция қызметкерлерінің жедел іздеу шараларының нәтижесінде ізі суымай аталған қылмысты жасады деген күдіктен 1994 жылы туған Семей қаласының тұрғыны ұсталды.

«Степной кенті тұрғынының қайтыс болуына байланысты бүгінгі күні ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру)бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда күдікті уақытша қамауға алынған», — деді Семей қаласы полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспанов.