Семейде дәрігерлер бойжеткеннің миынан 7 сантиметрлік құрт алды

0
Семейде дәрігерлер миына құрт түскен студенттің өмірін арашалап қалды. 19 жастағы қыздың миынан 7 сантиметр болатын құрт алған, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Жергілікті оқу орындарының бірінде оқитын студент ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген. Науқастың басы ауырып, айналып, жүрек айну сияқты әлсіздік белгілері болған. Медициналық тексерісте оған «эхинококкоз» диагнозы қойылды, яғни науқастың миына құрт түскен. Дәрігерлердің сөзінше, сирек кездесетін дертпен соңғы үш жылда ешкім ауырмаған. Бойжеткеннің басына шапқан құрт миының үштен бір бөлігіне жайылған. Көлемі жеті сантиметр. Оны алу оңайға соқпады дейді дәрігерлер. Дегенмен екі сағатқа созылған ота сәтті аяқталды.

“Науқас қазір жансақтау бөлімінде есіне келді. Жағдайы әлсіз. Сөзге келді. Аты-жөнін айтады. Қол-аяғын қозғайды. Біз үшін бұл маңызды. Ота сәтті өтті деп ойлаймыз. Алынған эхинокок кистаны сараптамалық зертханаға өткіздік”, – деді Семей жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Алтай Күлтұманов.