Семейде 24 мың адам жер кезегінде тұр

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 21:28 152

Семейде 24 мың адам жер кезегінде тұр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат — Семей қаласында жер үй салуға өтініш бергендердің саны 24 мыңнан асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда жер кезегінде тұрған 24 мыңнан астам адамның тек 2638-і ғана «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашқан.

Қарақұрым халықтың сұранысын қамту үшін қала әкімдігі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша шаһар іргесінен жер телімдерін бөліп, жер үйлер салмақшы. Бұл іс кезең-кезеңмен жүргізілмек. Бірінші кезең 2017-2021 жылдарды қамтып, кем дегенде 3395 адамның өтінішін қанағаттандыруды көздейді. Ол үшін Ұшақтар ауданынан 765 үй, «Комсомол» ауданынан 930 үй, Ақсай ауданынан 1700 үй салу жоспарланған. 

«Үйлердің ең кішкенесі 80 шаршы метрді құраса, ең үлкен дегендері 120 шаршы метр болмақ. Тұрғындар үшін мұндай баспананың бір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайтын болады» — делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аталмыш аудандарда «Өкен», «Сәт транс», «Семей асбестцемент өнімдерінің зауыты», «СемейЖолҚұрылыс» ЖШС құрылыс жүргізуге ниет танытқан.

«Цемент зауыты мен «СемейЖолҚұрылыс» компаниясы алғашқы 50 үйді өз қаражаттарына салып, халыққа ұсынатын баспаналар қандай кейіпте болатынын көрсетуге ниеттеніп отыр. Бұл үйлер «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге берілетін болады» — дейді қала әкімі Ермак Сәлімов.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz