Семей тұрғыны қала атауын «Абай» деп өзгертуді ұсынды

0

Семейлік қария шаһар атауын «Абай» деп өзгерту керек деген ұсынысын айтты. Ақсақалдың айтуынша, күллі әлем танитын ұлы ақынның атауы, өзі туып-өскен өлкеге берілуі керек екен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нұр-Сұлтанға қонақ болып келген семейлік қария, БАҚ беттерінен қала атауын Әлихан Бөкейханов есімімен атау керек деген ақпаратты оқыпты.

Алайда қарт кісі шығыстағы шыһарға Бөкейхановтан бұрын, Абай атауы берілуі тиіс деп айтады.

«Бас қаланың атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілгелі бері, көпшіліктің пікірін естіп-біліп жатырмыз. Өткенде ғана «Ақжол» партиясы өкілдерінің еліміздегі үш қала атауын өзгерту қажет деген пікірін оқып қалдым. Сонда Семейді Әлихан Бөкейханов есімімен атау керек деп айтылыпты.

Әрине Бөкейхановтың Алаш жұрты үшін сіңірген еңбегі мол. Алайда меніңше қаламызға алдымен Абай атауын беруіміз керекпіз. Абайды жалғыз қазақ қана емес, күллі әлем таниды. Өзі туып-өскен жері өз есімімен аталуы тиіс», — деп ойын ортаға салды ақсақал.

Айта кетейік, бұған дейін Семей қаласының әкімдігі шаһар атауын өзгертуге қатысты пікір білдірген еді. Әкімдіктегілер шаһардың атауы өзгермейтінін, қала атауы – Семей деп қала беретінін мәлімдеген болатын.