Семей «тарихи орталық болады»: Тоқаев Абайды сатты ма?

0
220
Фото: TL.KZ

Қоғам белсендісі Ерлан Шаяхметұлы: «Президенттің Абай атамызға тарту ретінде Семейді «тарихи орталық болады» деп айтқаны сөз жүзінде ғана қалғаны ма?» деп күйінеді.

«Бүгін ғана ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың атына жолданған Семей қаласының «тарихи орталық» мәртебесі жөніндегі хатыма жауап алдым.

/Жауап берген ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова/
Ұзын сөздің қысқасы, Семей қаласын «тарихи орталық» дегені де тек әзірге сөз жүзінде қалып отыр екен. Мәдениет министрі А. Райымқұлова тіпті, баланы тәттімен алдағандай теңгенің сыңғырымен, саудыраған цифрлармен жауап беріпті. Бізге керегі ресми құжатпен бекітілген рухани құндылық еді ғой, ол туралы бір ауыз сөз жоқ.

Министрдің жас студенттерге лекция оқығандай «рухани орталық» деп сауатымызды ашқысы келетіні де күлкілі екен. Санасы бар билік «рухани орталығын» бұлай тоздырмайды! Бұл жерде мәселе жалғыз маған ғана емес, бүкіл Семей жұртшылығына қатысты емес пе еді.
Егер ол статус президенттің арнайы Жарлығымен бекітілмесе құрғақ сөз деп қана қабылдамасқа шара жоқ, егер рас берілсе ол статус Жарлықпен бекітілуі тиіс.

Көш тізгінін ұстағаның сөзін жұтса, елің қайдан оңсын.. Қазақ «Уәде- ердің опасы» немесе «Уәде- Құдай сөзі» дейді.

Дана бабаларымыз артына: «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынағаны» деген асыл сөз де қалдырған.

Құранда да:«Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру үлкен жауапкершілікті міндеттейді.» делінген.
(Исра сүресі, 34-аят)

Бұл сүреден фәниде судың да сұрауы бар болса, ақыретте берген уәденің де сұрауы бар екенін байқауға болады.

ХVIII-XIX ғасырларда даламызға келген шетелдің этнограф зерттеушілері «Бұл далада небір елдің тағдырын шешетін келелі істер бір ауыз уәдемен шешіле береді.» деп таң қалған екен. Бүгінгі биліктегілерде сол асыл қасиет, ұлы құндылық жоғалыпты.

Абай атамыздың аруағынан ұят болды-ау… » дейді Ерлан Шаяхметұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқаев Абайдың 175 жылдығы туралы мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Елдің тарихында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн» деген болатын.