Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарлануда

0
113

Семей ҚР Қауіпсіздік Кеңесі мен Үкіметі басшылығының тапсырмаларына сәйкес «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді, деп хабарлайды ҚР ЭМ Баспасөз қызметі.

Заң жобасына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарлануда. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты радиациялық ластанған және таза жерлерді бөлу, ластанған учаскелерде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақты оңалту және полигон жерлерін пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту болып табылады. Кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде мамандандырылған аймақ құру жоспарлануда.

«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасында:

1) бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнайы аймағын құру;

2) радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;

3) полигон аумағында тарихи пайда болған радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;

4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу. Заң жобаларының ережелерін іске асыру өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы мақұлданып, әрі қарай қарау үшін Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына жолданды.

(ақпарат: 24.kz, фото ашық ақпарат көздерінен алынды)