«Секстен көңілім қалды»: Қазақстандық танымал журналист алғашқы кітабын шығарды

0

Қазақстандық журналист, Youtube желісіндегі “Уақыт көрсетеді” каналының авторы Нұрсейіт Жылқышыбай “Секстен көңілім қалды” атты алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Кітап атауы ат үркітетіндей болса, мазмұны да адам шошырлық оқиғаға негізделген. “Элиталық” жезөкшелердің тағдырын арқау еткен бұл кітап тағы қандай мәселені қозғайды, журналист не үшін дәл осы тақырыпты таңдап алды? Stan.kz тілшісі кітап авторымен тілдесіп, егжей-тегжейін сұрап білді.

“Кітаптың атауына алданбаңыз! Әр тарауында бөлек бір сыр ашылып, әр сыр — қоғамның жарасын тырнайды. Атауындағы бір сөзден ұялсаңыз, ішіне үңіліңіз” – дейді шығарма авторы.

Кітапқа өзек болған тақырыпты не үшін таңдағаны жайлы:

“Бәріміз де қыз тәрбиелеп отырмыз. Тақырыптағы сонау бір сөзден ұялғандардың бәрі ҰЯҢ ҚЫЗ тәрбиелеп отыр ма? Тәрбие тізгінін әлдеқашан босатып алып, ақырында бетіңе оттай басылмас үшін бір оқып шық. Ешбір боямасыз, ашық ащы шындық өмірде болған. Әңгімеміз төсекте басталып, төрдегі ағалардың құлағын шулатып, ақырында көрге дейін жеткізген сұмдық оқиға… Түрлі зерттеулер мен статистикалық ақпарат шындыққа тұздық ретінде ұсынылады. Десе де, біздің халықтың басты минусы сол ғой, көзге көрінгенді табалай жөнелеміз, ал іштен жеген жараны кеш біліп, сан соғып дал боламыз. Сол үшін ішіндегіні білмей тұрып, болжам жасамаңыз. Бірінші беттің алғашқы сөйлемін оқыған сәтте бар ойыңыз осы кітапта болып, бір деммен оқып, соңғы бетте ауыр күрсінбесеңіз, қанекей?”, – дейді журналист.

Кітапты оқып отырып жылайтыныңызға кепілдік беремін деген Жылқышыбайдың немересі кітапқа арқау болған жезөкшенің оқиғасын былай баяндайды.

“Бұл кітап ойдан шығарылған жоқ, шынайы өмірде болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер өзіммін. Және тәуелсіздік жылдарында “қазақтың Мэрилин Монросы” атанған танымал түнгі көбелек жайлы. Ол 90-жылдары елге танымал, билік басындағы беделді ағаларымыздың құшағында болған. Оның шынайы есімі мен кімдермен болғанын айта алмаймын. Оның арты үлкен дауға ұласуы мүмкін. Кітапта Гуля деп атадым. Оның тағдырын жауыңа да тілемейсің. Гуляның анасы да Кеңес үкіметі кезінде жеңіл жүрісті әйел болған. Жезөкшеден туған Гуля өскен соң сол “кәсіппен” айналысады. Талай жынойнақтың куәгері болған.

Содан ол 98-99 жылдары тұрмысқа шығады. Өзінен 10 жас үлкен азаматтың жары атанады. Күйеуіне өткен өмірі туралы айтпайды. Тек кезінде жігіттерге алданып қалғанын, қиын тағдыр кешкенін жеткізген. Бір әулеттің әп-әдемі келіні болады. Келін кезінде судан ақ, сүттен таза болып, арам іске бармайды. Өкінішке қарай, кезінде талай еркектің құмарын қандырған ол ұлды болмайды. Үш қыз туады. Ең сорақысы, үш қызы да өскен соң өзі сияқты жезөкшелікке бет бұрады. Біреуі 20 жасында БАӘ жұмысқа кетеді. Ол жақта жүріп арабтарға тәнін саудалайды. Тұрмысқа шыққан арабы талақ  деп інісіне берсе, ол талақ айтып досына береді. Біздің қызымыздың тағдыры таласқа түседі. Кітапта қыздарымыздың Дубай асып, жеңіл жүріске салынып жатқаны толықтай баяндалады.

Ал ортаншы қызы бір депутаттың екінші әйелі болады. Бірақ басқа бір еркекпен жатқан жерінен ұсталып қалады. Біраз айғай-шу болып, бұл қызы да түнгі отырыстардың көркін қыздырады.

Үшінші қызы 17 жасында Маңғыстауға тұрмысқа шығады. Тұрмысқа шықпай тұрып Гуля қызының қыздығын тіктіртіп береді. Тұрмысқа шыққан соң бір аптадан кейін қыздың әкесіне күйеу баласы хабарласып, “қызың абыройсыз екен, алып кет” дейді. Сонымен, әкесі қарабет болып, достарымен бір саунада ішіп отырған кезде ортаншы қызы көңіл көтеру үшін шақырылған “қонақ” қыздармен бірге кіріп келеді. Қызын көрген әкесі сол жерде инфарктан өледі. Ол оқиға осыдан 4-5 жыл бұрын бүкіл елді шулатқан еді.

Сонымен, үлкен қызы БАӘ-ден келмейді, кіші қызы кейіннен дұрыс жолға түседі, әкесі өледі, екінші қызы жезөкше болып кетеді”, – дейді ол.

Жаның түршігіп, денеңді бір сілкітіп алатын оқиға негізінде қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселені көтеріп, халық санасына сәуле болғысы келетін журналист кітапты жазу барысында Гулямен бірге үш түнін бірге өткізгенін жасырмайды.

“Кезінде Мэрилин Монро атанған “элиталық” жезөкше менімен үш түн бойы қонақүйде жатты. Төсектес болдық. Сол кезде маған ішіндегі біраз сырын ақтарды. “Секстен көңілім қалды. Енді ешкіммен жатпаймын” деп ағынан жарылды. Шамамен алғанда елімізде 10 мыңнан аса жезөкше бар делік. Енді есептей беріңіз. Ертең ол жезөкше қыздардың бәрі келін болады. Байға тимей қалмайды, бәрі өз сыңарын табады. Ал солардан ертең қандай ұрпақ дүниеге келеді?! Он мың жезөкшеден ең кемі үш баладан туса, 30 мың тексіз бала туылады. Өздері сияқты жезөкше қыздар келмесіне кім кепіл?!

Қазір ағасы қарындасына етегіңді жина, саныңды жалтыратпа деп айта алмайды. Көп қарындастарымыз досының үйіне қонуға кетіп жатады. Бұл мәселенің бәрі кітапта сөз болады. Жезөкшелердің бұрын соңды айтылмаған тағдыры туралы талдап жаздым. Кітапты еріккенімнен, хайп үшін жазып жатқан жоқпын. Маған хайп керек емес. Мені асырап отырған өз кәсібім де жетеді.

Бұрын айтылмаған, жабулы келген тақырып, адамдардың санасын оятсын, қоғамдағы мәселеге бейжай қарамасын деген ниетте шығарылып отырған кітап. Әзірше 2000 тиражбен шықты”, – деген ол халық сұранысына қарай алдағы уақытта тағы да шығаруы бек мүмкін екенін айтады.

Мұндай жабық тақырыпты ашық жазғаны үшін ата-анасы мен жарының реакциясы қандай болды деп сұрадық. Бірақ журналисті олардың ойы алаңдата қоймайтын секілді, туған-туыс пен жарының алдында есеп бермейтінін кесіп айтты.

“Қоғамның бүгінгі шындығын жазғаным үшін ата-ана, жарымның, туған-туыстарымның алдында ақталуым керек пе?! Мен жарының қас-қабағына қарап, не деп қалар екен деп әр қадамына есеп беріп отыратын адам емеспін. Ал туған-туыстарымның менің істеп жатқан жұмысыма көзқарасы оң. Кітап жайлы оқырмандар пікірі оң. Оқитын азаматтар қарасы көп. Оқыған адам міндетті түрде қасындағы адаммен бөліседі. Өйткені мұндай кітап бұрын-соңды елімізде жазылмаған. Бұл сөзіме кепілдік де бере аламын. Кеше Шымкенттен келген азамат бірден 100 кітапты сатып алды. Бір адам достарыма, бауырларыма таратамын деп жүз данасын алып кету біраз дүниені білдірсе керек. Маңғыстауға 500 данасын жібердік. Өйткені, шын мәнінде, бұл кітаптың мән-мағынасы тереңде.

Жалпы өзім керемет жазушы емеспін. Қоғамға тигізген тырнақтай үлесіміз болсын, халыққа түсірген сәулеміз болсын деген ниет қана. Ақиқатын айту керек, ер азаматтар бас қоссақ, саунаға барамыз. Ол жерге қыздардың шақырылатыны белгілі. Саунаға кімдер келеді? Өзіміздің қазақ қыздар келеді. Ұялмай сол қыздармен жатамыз. Неге біз қарындастарымызбен жатуымыз керек, неге қорлауымыз керек? Міне, жабулы жатқан  олардың тағдырлары туралы жазу керек. Жетіскеннен жезөкше болмайды. Әр қазақтың азаматы намысшыл болса, елде жезөкше атымен болмас еді. Шешенстан елінде бір жезөкше қыз жоқ. Ол қалай? Үйде берілетін тәрбие бірінші орында”, – дейді ол.

— Парадокс дүние… кітап жазып, қазақ қыздарын қорламайық деп жезөкшелер тағдыры туралы мәселе көтересіз, бірақ өзіңіз үш түн бірге болдық деп олардың “қызметін” пайдаланатыныңызды жасырмайсыз. Ұят емес пе?

— Егер мен “қазақтың Монросы” атанған жезөкшемен жатпасам, бұл кітап жарыққа шықпайтын еді. Ертең осы кітапты оқу арқылы бәлкім сондай жолға түсетін бір қыз райынан қайтатын шығар. Сол үшін тәуекелге бел буып отырмын. Мен егер Монромен үш күн бірге түнемесем, мен оның ішкі сырын ақтармасам, жан дүниесіне үңілмесем ондай қадамға бара алмас едім. Мен сізге ақпын, пәкпін деп шындықтан жалтарып, өтірікті бөсуіме болады. Бірақ адам шынайы болған дұрыс.

— Жоғарыда бір сөзіңізде хайп қумаймын деп қалдыңыз. Бірақ сіздің жасаған бағдарламаларыңыздың өзі шулы ғой…

— Егер мен хайп қуған болсам, біреуге үй алып беріп қайтемін? Көз жанарынан айырылып отырған адамның еміне неге көмектесемін? Одан кейін Шымкенттегі бір ауылға барып үлкен спорт-кешенін салдыруға басшылық етіп жатырмын. Егер мен хайп қаласам, мұндай дүниелерге бас ауыртпас едім. Бағдарламаларыма келген қонақтарға өмірдегідей тіке сұрақ қойғаным үшін хайп болып санала ма? Әлде хайп болатындай біреуді шақырып, кеудесін көрсетіп жатырмын ба?!

Қазақтың тектілігі қанмен келеді. Анасына қарап, қызын ал дейді. Ал қазіргі таңда анасына қарап қызын алып жатырмыз ба? Көп жігіттер желіде танысқан қыздарын алып жатыр. Кітаптың атын ашық қойғаным пост-модернизм үлгісінде өмір сүретін кез келді. Ол сөзден несіне ұялуымыз керек. “Жатырын сатқан ұрпақ” деген сынды етіп қоюыма болар еді. Бірақ не үшін көлегейлеп жасыруымыз керек?! Секстің баламасы жоқ. Бұл ұялатын нәрсе емес.