«Сексеуіл жарып жатқанда бапкерім көріп қалды»: Ақын қыз қалай  Ұлттық құраманың сапына боксшы болып кірді — Қазақстан жаңалықтары

0

15 жасынан өлең жаза бастаған қазақтың қаракөз қызы Фариза Шолтай рингке шығып, былғары қолғап шебері атанып үлгерген. Былтыр  Азия біріншілігінде қола жүлдені иемденген Фариза Шолтайдың өнер мен спортты қатар алып жүргеніне биыл 6 жыл толып отыр. Спортшы қыз ақындық пен былғары қолғапты қалай бірге алып жүруге болатыны жөнінде Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. 

Фариза 15 жасынан өлең жаза бастаған. Қызығы, мектеп, колледж, университет — барлығын орыс тілінде тәмамдаған ол қара өлеңді қазақ тілінде жазады. Жақында тұңғыш кітабы жарық көрді. Қаузайтын, қалам тербейтін тақырыптары — өмір, арман. Әр өлеңі бір сауалмен аяқталады.

«Әрбірімізде өмірге деген сауал бар. Оның болуы заңды. Кейде оларға жауаптың болмағаны да дұрыс. Кеудемнан жаным шыққанша тәңір мен өмірге қояр сұрағым бітпейді»,- дейді бойжеткен.

Ал ең алғаш жаттығу залына 2018 жылдың 1 қаңтарында барған. Спортқа кездейсоқ келген. Фариза өзіне біреу сол уақытта 6 жылдан кейін былғары қолғап шебері боласың деп айтса сенбеген болар едім дейді.

— Демалысқа ауылға келгем. Ауылдың қызы болған соң ба, жұмыс талғамаймын. Далада сексеуіл жарып жатқанмын. Сол сәтте сыртымнан бұрынғы боксшы Бақытбек Алпысбаев көріп қалыпты. Мендегі қабілетті байқаған болса керек. Бокс залына барып, жаттығу жасауға ұсыныс тастады. Шынымды айтсам, дәл ол сәтте өмірім басқа арнаға бұрылады деген ой мүлде болған жоқ. Медицина колледжінде оқитын кезім ғой, — дейді Фариза.

Бойжеткен бүгінде Шымкентте тұрады. Өзі  — Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тумасы. Ата-анасы мен төрт  бауыры туған жерде қалған. Шымқалада қазіргі бапкері тұратын болғандықтан жаттығуым үзілмесін деп көшіп келіпті.  

Қазір елімізде Фаризаға өз салмағында төтеп берер қарысылас жоқ. Екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды. Осындай жетістігін жоғары ынтасының арқасы деп біледі. «Ынта болмаса, бір іске бел шеше кірісу мүмкін емес. Әрине, екі істі бірдей алып жүру басында қиынға соқты. Тіпті шаршы алаңға шығар алдында шабыттанып өлең жазып, «буымнан» босап қалып, ойсырай жеңіліс тапқан күндерім де болды»,- дейді Фариза. Ал бүгінде оған да айла тапқан. Шаршы алаңға шығар алдын шабыты келсе, алғашқы шумағын ғана қағаз бетіне түсіреді де, қалғанын қарсыласын жеңіп келіп жазады. «Өз-өзімді осылай алдаймын. Бұл да бокстың үйреткені. Сол бір шумақ өлеңге өлеңнің бар мазмұнын сыйдыруға тырысамын. Сосын ба не жазғым келгені есімнен шықпайды»,- деп Фариза күле жауап берді.

Ақын әрі боксшы қыз әлеуметтік желінің белсендісі емес. Посттары ақпаратқа сараң. «Сөзім аз, ісім саз болғаны дұрыс. Инстаграм жан дүниеңді жайып салуға арналмаған. Онда азды-кем естелігім тұрса да жарайды»,- дейді Фариза.

«Екі істі де тастамаймын. Өлең қанымда бар. Тіпті кейде түс арқылы аян өлеңдер аламын. Ал ендігі кезде бокссыз да өмір сүре алмаймын» деген Фариза Шолтай алдағы уақытта жанкүйерлерін де, оқырмандарын да үлкен қуанышқа бөлемек.

stan.kz