Сегізаяқтардың неліктен ақылды екені белгісіз
Сегізаяқтар өте ақылды, бірақ оларда басқа ақылды жануарларға тән қасиеттер жоқ.
«Бұл видео сегізаяқтардың келешекте пайдасы тиіп қалар деген ниетпен әлгі қабықтарды әкетіп бара жатқанын көрсетеді», дейді Кембридж университетінің студенті П.Амодио.
Алайда ол сегізаяқ әрекетіне таңғалып әрі оның іс-қимылының себебін таппады.
Талай жылдан бері зерттеушілер қай жануардың ақылы қаншалықты жетілгенін анықтаумен айналысып келеді.
Бірақ сегізаяқтар, кальмарлар және тарбақ аяқтар секілді басаяқтылар тобына келгенде бүкіл ғылыми теориялардың бәрі жоққа шығады.
Амодио бастаған тағы бес сарапшы мақұлықтардың ақылы туралы зерттеу жүргізіп, осындай нәтижеге қол жеткізді. Ғылыми жұмыс өткен айда «Экология және эволюция трендтері» журналында жарық көрді.
Ғалымдар ақылды саналатын жануарларға тән ортақ бірнеше факторды анықтады. Олардың бәрінде үлкен ми бар, ұзақ өмір сүреді және көпке созылатын әлеуметтік қарым-қатынас жасайды.
Осындай ұқсастықтар кейбір мақұлықтардың ақылдырақ болуының себебін түсіндіретіндей.
Мәселен, ғалымдардың бірі мұндай ақылдылық тамақ табуға бейімделу үшін дамыған деген пікірде. Амодионың айтуынша, қалған зерттеушілер ақылды жануарлар сол түрге жататын басқа мақұлықтардан үйреніп, серіктес болады деп есептейді.
Басаяқтылардың әрекеті олардың ақылы басқа жануарларға қарағанда жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, таяуда Жаңа Зеландиядағы Ұлттық аквариумнан «Инки» есімді сегізаяқ қашып кетті. Ол кедергілерден қиналмай өтіп, құрғақ еденнен сырғып, теңізге жеткен.
Израильдегі Еврей университетінің зерттеушілері сегізаяқтыларға ішіне тамақ салынған L пішімі тәрізді қорап көрсеткен. Теңіз жәндіктері аквариумдағы шағын тесік арқылы қорапты ашып-жауып, тамақты алуды меңгеріп алыпты.
Басаяқтылар мен ақылды жануарларға тән тағы бір ортақ қасиет – олардың миы үлкен. Әйтсе де, олардың ұқсастығы осы арада аяқталады. Мидағы есептеуге қолданылатын нейрондардың көбі сегізаяқтың қолдарында орналасқан.
Ең таңғаларлығы, басаяқтылар тез өліп қалады. Бәлкім, кейбірі екі жылдай өмір сүрер. Ал қалғандары небәрі бірнеше айдан арыға бармайды. Әрі басаяқтылар өзара әлеуметтік қарым-қатынас орнатпайды.
Амодио мен оның әріптестері басаяқтылардың эволюция тарихы осынау жануарлар ақылына қатысты парадоксты түсіндіреді деп есептейді. Шамамен 275 миллион жылдай бұрын олардың арғы тегі сыртқы қабығын жоғалтып алды. Содан кейін теңіз жәндігі жемтік аулау кезінде өздерінің кемшілігін білдіртпейтін тасты жырықтарды іздей бастауы мүмкін.
Қабығын жоғалту басаяқтылардың жыртқыштарға жем болу ықтималдығын да ұлғайтты. Сондықтан олар алдау мен қашудың маманы болуға мәжбүр секілді. Әрі милары үлкейіп, туындаған жаңа мәселені шешіп, өмір сүруге талпынуына әкелуі ықтимал.
Зерттеушілер сегізаяқ пен оның туыстары туралы мәліметті әлі де толықтыра түсуі керек. Бәлкім, мұндай зерттеу жалпы ақыл ұғымын тереңінен түсінуге мүмкіндік берер.
«Ақылды болудың жалғыз жолы ғана бар деп сеніммен айта алмаймыз. Бәлкім басқа да тәсілі бар шығар», дейді Амодио.
Карл ЗИММЕР, «Нью-Йорк Таймс»
Фото: Фред ТАННЕАУ, Agence France-Presse – Getty Images
Дереккөз: http://egemen.kz/