«Сбермен» келісім немесе 500 млн долларға не істеуге болады?

0

Қазақстан Сбермен халықтың (әдеттегідей) пікірін ескерместен келісімге келуде. Енді өзіміздің қауіпсіздігімізге тікелей әсер ететін бір жүйені Ресейге қыруар қаржыға бермекпіз. Қойманың кілтін өзгеге бере салғанды алғаш көрдім, оның үстіне қыруар қаржыға. Мусин бүгін қаржының үштен бір бөлігі ғана Сберге беріледі, қалғаны ішкі IT нарыққа деп отыр. Солай болар ма екен? Көреміз. Бөлінетін қаржы да аз емес. Шамамен 500 млн доллар кетеді дейді, теңгеге шаққанда 213 млрд теңге ғой. Бұл қаржыға не жасауға болады деп ойладым.

Қорғаныс саласына қызығып жүргендіктен көршілес елдердің қорғанысқа бөлетін бюджеті басыма сап ете қалды. Сонымен Түркіменстан қорғаныс саласына жылына 200 млн доллар қаржы бөледі. Біздің Сберге беретін ақшамыздан 2.5 есе аз деген сөз. Сондай көлемдегі ақшамен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Ал Қырғызстан тіпті 25 есе аз ақша бөледі, олардың қорғаныс саласындағы жылдық бюджеті 20 млн доллар. Біз Қырғызстан 25 жылда қорғанысқа бөлетін қаржысын Ресейдің Сберіне бірден бөле салмақпыз. Сұмдық ә!

Қорғаныс саласына 500 млн долларға қанша соққы жасаушы, барлаушы дрондар алуға болады? Мысалы “Байрактар ТБ-2” құны нарықта 5 млн доллар тұрады. Тура сондай 100 дрон алып, қорғаныс саласын нығайтып тастауға болатын еді. Немесе басқа да атыс қару түрлерін, қорғаныш костюмдері мен барлау құрылғыларын, кибершабуылға қарсы жоғары технологияларды алуға болады. Өйткені 500 млн доллар дегенің ауқымды қаржы.

Енді өзімізге келейікші. Мысалы президент баспана мәселесін шешейік деді. Алматыда «Алматы жастары» деген бағдарлама бар. Оған былтыр 18 млрд теңге қаржы бөлінді, ол қаржыға 1000 отбасына үй алуға ақша бөлінген болатын. Енді 213 млрдқа қанша отбасыға үй алуға болады? 20 млн теңгеден деп есептеген күннің өзінде 10650 отбасыға үй алуға болады. Бұл «Алматы жастары» сынды бағдарламаның 11 жылдық лимиті.

Жалпы бұл қаржыға құны 5 млрдтық 43 мектеп немесе заманауи аурахана салуға болады. Ауыл шаруашылығына 10 мың су жаңа шаруашылық техникаларын, яки 10 мың жаңа жедел жәрдем көлігін алуға болады. Қанша ауылға су тартып, қираған көпірлерді салуға болатынын есептеудің өзі қиын сияқты.

Есептей берсе көп қаржы ғой. Сбермен неге осындай келісімге келіп жатқанымызды түсінбедім. Бұл біз млрдтаған қаржы бөлген «Цифрлық Қазақстан» деген бағдарламаның түкке тұрмайтынын, іске аспағанын дәлелдеп тұр ма? Егер олай болса аталмыш бағдарламаларды іске асырғандар неге жазаланбайды? Егер IT саласына қатысты ірі жобаны өзгемен жасасақ, өз IT мамандарымызға сенім артпасақ, онда неге президент 100 мың IT маманы керек дейді?

Оларды да өзіміздің IT мамандарымыз оқытады ғой, бірақ бітіріп шыққан маманға бәрібір сенім артпаймыз. Дәлелі мына Сбермен келісім. Қысқасы парадокс көп. Мысалы неге Ресеймен, неге Эстония емес, олар Ресейден әлдеқайда IT саласында алда ғой. Неге Корея емес, Ресейді он рет шайнап тастайды. Неге Польша емес, Ресейдің кибер саласын екі мәрте шашып тастап еді. Неге осылар емес, неге Мәскеу? Ол әлдеқайда жоғарыда айтылған елдерден IT саласында артта ғой.

Әрине бұл ешқандай да сараптама емес. Эмоциямен жазылған пікір ғана. Бірақ бұл постты жазған кезде, Қазақстанның соңғы уақыттағы шешімдерін түсіну қиындап бара жатқанын түсіндім.

Асхат ХАСЕНҒАЛИДЫҢ  Facebook-тағы жазбасынан.