«Сбер» Қазақстанға 500 млн долларлық даулы платформаны қарызға жасап бермек

0
204

Қыркүйектің басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» компаниялар тобы қол қойғанмеморандумныңмәтіні жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz сайты Азаттыққа сілтеме жасап.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан ресейлік «Сбербанктің» IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Қазақстанға бұл ақшаны «Сбердің» өзі мемлекет кепілдігімен қарызға береді.

«Әділет» порталында жарияланған құжат қазақстандық «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен ресейлік «Сбербанк» ЖАҚ арасында қарыз жөнінде келісім жасауды қарастырады. Құжатта 500 млн АҚШ долларына пара-пар қаражат ресейлік рубль күйінде Ресей жағына қажетті құжаттардың барлығы уақытында берілген жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін беріледі деп көрсетілген.

E-gov-қа балама GovTech жүйесі «Сбердің» Platform V платформасына негізделіп жасалады.

Меморандум 31 қазанға дейін концорциум құруды да қарастырады.

Құжатта ERG компаниялар тобына еншілес BTS Digital ЖШС стратегиялық әріптес ретінде көрсетілген.

Меморандум Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің egov Ресейге берілмейді деген тұжырымына күмән келтіреді деп жазды ҚазТАГ агенттігі.

«Аталған меморандум аясында ҚР үкіметі: … GovTech платформасын «электронды үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының негізгі бөлігі ретінде бекітеді» делінген үкімет мақұлдаған құжатта.

Меморандум мәтінімен танысқан экономист Олжас Құдайбергенов Facebook’те жобаға күмән көп деп жазды.

«500 млн доллар қарыз, оның үстіне платформа жасауға, оның үстіне Сбердің өзінен алудың қажеті жоқ. Мұндай дүниелер жасалса, келіссөз жасай алатындай өз ақшамызға жасалуы керек. Әйтпесе несие алушының саудаласуға шамасы келмей қалады» деп жазды.