Сатып алған орденнің құны бар ма?

0

       Құрметіңді арттырудың құны – 1 250 000 теңге. Осынша соманы төлесеңіз, әп-сәтте «Қазақстанның құрметті азаматы» атанып шыға келесіз. Мұндай «салмақты» атауы бар атақты Елбасы жүзеге асыратын наградалармен шатастыруыңыз мүмкін. Біз айтып отырған орденді алғандардың өзі де біраз нәрседен бейхабар екен. Еліміздің түрлі саладағы қайраткерлерінің төсіне жарқырата тағылған темірдің сыры тереңде екен.

Қазақстанда мемлекеттік наградалар туралы Заң бар. Ол жерде еліміздің  азаматтары мемлекеттiк, қоғамдық, шығармашылық қызметi, еңбектегi және жауынгерлiк ерлiктерi үшiн, олардың Республикаға сiңiрген еңбегiнiң танылуының белгiсi ретiнде мемлекеттiк наградалармен наградталады деп көрсетілген. Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi – «Алтын Қыран» орденi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ордендерi, медальдары, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы саналады. Ордендердің саны – тоғыз. Атап айтқанда, «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Барыс», «Даңқ», «Айбын», «Парасат», «Достық», Құрмет» және «Еңбек Даңқы» сынды мемлекеттік ордендер бар.

Ал «Қазақстанның құрметі азаматы» ордені ше? Мұндай атақты кім таратып жатыр, қандай артықшылығы бар? Еліміздің мәдениет саласының өкілдері әлеуметтік желіде су жаңа орденді таққан суреттерін салды. Сүйінші жаңалыққа жақсы тілегін жолдағандар мен қолдағандар көп. Сол сияқты бұл атақтың ауыз толтырып айтарлықтай маңызы жоғын жазғандар да жетерлік. Сонша дауға қалдырып, дүр сілкіндірген атақтың мән-жайын анықтауға тырыстық. IT-маман Тимур Бектұр қалайша «Қазақстан құрметті азаматы» бола алмай қалғанын айтып берді. Содан барып мәселенің мәнін түсінгендей болдық. «Осыдан бірер ай бұрын поштама әлдебір мекемеден үшбу хат келді. «Құрметті Тимур Амантайұлы!» делінген әлгі хатта. Қысқаша айтайын, әйтпесе, тым ұзақ. Оны оқып отырып, «Апырай, мен не деген керемет адам едім» деп балқып кетуіңіз ғажап емес. Тек… Хат соңындағы бір абзац қана есімді жиғызды. Ол туралы кейінірек. «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті Сіздің ҚР экономикалық қуатын, гүлденуі мен игілігін нығайтуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалап отыр. Елді дамытуға қосқан Сіздің еңбегіңізді бағаламау мүмкін емес.
Сіздің мінсіз беделіңізді, айрықша кәсіби жетістіктеріңізді және экономиканы дамытуға қосқан жеке үлесіңізді, нағыз кәсіпқой маман, талапты ұйымдастырушы әрі басшы ретіндегі абыройыңызды ескере отырып, – «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитетінің» сараптау кеңесі Сіздің кандидатураңызды «Қазақстанның құрметті азаматы» жоғары қоғамдық мойындау Орденімен наградтауға ұсынып отыр. «Қазақстанның құрметті азаматы» ордені – бұл біздің таңданарлық сезіміміздің дәлелі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, наградтау парағымен жеке оқып-танысып, наградтау салтанатына өзіңіздің қатысатыныңызды құптауыңызды өтінемін» деген. Сөйтеді де осы «орденді» алу үшін имидждік-ақпараттық сүйемелдеу мақсатында 1 250 000 теңге төлеу қажет екенімді, ал егер «Марапаттауға бара алмаймын, поштамен салып жіберіңіз» десем, 850 000 теңге тұратынын жазған. Комедияның комедиясы сол, бұл фейк орденді алғандардың ішінде біздің БҒМ вице-министріміз де жүр. Біздің елде кез-келген адам ЖШС, ҚҚ, ҚБ ашып алып, осындай шараларды ұйымдастырып, көңілі қалаған атаумен, көңілі қалаған орден, медальды қалаған адамға тарата алады. Мына ұйым болса, адамдардың мақтансүйгіштігін пайдаланып, өздерінің фейк ордендерін бақандай 1 250 000 теңгеге сатып жатыр. Өкініштісі, мұндай «марапаттардың» мемлекет алдында, қоғамдық бедел тұрғысынан түкке де тұрмайтын сары темір екендігін осыны алып жатқан адамдардың білмейтіні. Ал егер білсе, онда соншалықты атаққұмарлығы» дейді ол.

Демек, «Қазақстанның құрметті азаматы» – мемлекеттік атақ емес. Мұны тарататын ұйымның атауы – «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті» ЖШС. Осыдан кейін бұл қандай мекеме болды деп ақпарат іздестірдік. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік құрылымдарымызда мұндай комитет жоқ. Демек, бұл ЖШС орденнің атын ғана емес, мекеменің де атауын «жақсылап» ойластырған екен. Өйткені мәселенің мәніне тереңдемеген адам ұлттық не мемлекеттік атақ екен деп қалары анық. Ұйымның ресми сайтын шолып шықтық. Ол жерде «Қазақстанның Құрметті азаматы» ордені еліміздің қуатын, маңызын нығайта түсуге және гүлденуіне септігін тигізетін көпжылдық әрі жемісті еңбегі үшін табыс етілетін қоғамдық награда екені жазылған. Сонымен бірге иегердің жасы отыздан асуы да шарт екен. «Қазақстанның Құрметті азаматы» ордені «Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитетінің» сараптау кеңесінің шешімімен, орденді табыс ету сәтінде 30 жасқа толып үлгерген Қазақстан Республикасының азаматтары наградталады. Мемлекеттік, аймақтық, муниципалдық билік органдарын, кәсіпорындарды және ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді, кәсіптік одақтарды, спорт қоғамдарын басқаратындар, басшының орынбасарлары, бас инженерлер (бухгалтерлер, технологтар) ғылыми (көркемдік) басшылар, филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, отандық ғылымның, мәдениеттің, спорттың, журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар аталған орденді иелене алатынын да жазып қойыпты.

Әлеуметтік желіде Базарбек Қамысбаев есімді қолданушы мұндай атақтарды кез келген ұйымның оңды-солды таратуына қарсы екенін жазыпты. «Құзыретті органдар мұндай марапаттардан және бұл ұйымның әрекетінен ешбір заңсыздықты анықтамағаны туралы оқып едім. Егер кез келген қоғамдық бірлестік немесе ЖШС осындай марапаттарды тағайындай алатын болса және бұл марапаттар «ҚР мемлекеттік марапаттар туралы» заңында белгіленбеген болса, онда бұл заңға нақты өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Бұл ұйымдар өздерінің осындай марапаттарымен тікелей мемлекетке нұқсан келтіріп отыр. Себебі олардың беретін атақтарында «Қазақстанның құрметті азаматы» деп жазылады. Басқа басқа емес, Қазақстанның! Мемлекетіміздің атауы қалай болса солай пайдаланатын ойыншық емес шығар. Сондықтан да мұны шектейтін нақты заңдар қарастыру керек. Жалпы, елімізде тіркелетін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің атауларын да реттеу қажет сияқты. Себебі осы жақында ғана «Астана қаласының жастар мәслихаты» деген атпен тіркелген қоғамдық бірлестік мүшесінің төсін көрсетіп подиумға шығуы түсінбестік туғызған болатын. Сол сияқты, «атақ таратқыш» осы ұйымның да атауы «Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті» ЖШС деп аталады. Ресми түрде еліміздің мемлекеттік құрылымдарында мұндай комитет жоқ. Егер, тіпті олардың медаль, орден, атақ беруінде ешқандай заңға қайшылықтар болмаса, онда жоқ дегенде мұндай атаулары бар ұйымды тіркеу және мемлекетіміздің атын пайдалану тәртібі мәселелерін көтерген жөн» деген екен.

Осы орденді иеленгендердің биылғы тізімінде «Жігіттер» квартетінің мүшелері, Абай Бегей, Нұржан Керменбаев сынды эстрада жұлдыздары бар. Абай Бегейден мән-жайды сұрап хабарласқанымызда бұл атақты ақшаға сатып алмағанын және ЖШС тарапынан берілетінін білмегенін айтып, қысқа қайырды. «Жігіттердің» продюсері Ерғали Әбдірайымов болса, мәселені асықпай айтып берді. Ол атақты ақшаға сатып алу мүмкін емес деген пікірде. Бірақ өздері ұсынып жатса, артық етпейді дейді. «Бұл атақтың беріліп жатқаны жөнінде ұйымдастырушылар жеке хабарласып айтты. «Жігіттердің» сахнада жүрген 15 жылдық еңбегіне берілген баға ретінде «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына ұсынып отыр екен. Бұл жолы наградталатындардың ішіне әншілерді де қосыпты. Бірақ ешқандай мемлекеттік атақ емес екенін бірден ескертті. Мұндай ұйым Ресейде он жылдай уақыттан бері жұмыс істеп келе жатыр деседі. Бізде 2016 жылдан бері биыл үшінші рет өткізіліп жатқанын жеткізді. Кейін ұят боп жүрмес пе екен деп біраз ойландық. Өйткені өзіміз сұранып жатқан жоқпыз. Бізге ұсыныс тасталды. Артынша құжаттарын сұрадым. Олар дереу барлық тиісті қағаздарды жіберді. Әу баста бұл атақ берілген кезде соттасқан екен. Нәтижесінде лицензиясы өздерінде қалып, заңға қайшы қимылдар анықталмаған. Сөйтіп жігіттермен кеңестік. Біріміз қолдап, енді бірі керек емес дестік. Ақыры тегін беріліп жатқан соң қарсы болмайық деп шештік. Біздің жол-пұлымызды төлеп, жақсы қонақ үйге орналастырды. Мейрамханада арнайы бағдарлама жасалып, қарсы алды. Сыйлықтарын табыстады. Соның ешқайсына бір тиын да төлеген жоқпыз. Жалпы бұл атақтың сатылатыны туралы әлеуметтік желіден бір білдім. Телефоныма көптен бері дамыл жоқ. Содан ұйымдастырушыларға хабарластым. Сөйтсем, 40 адам марапатталатын болса, оның жиырмасы меценат не жағдайы жақсы адамдар болады екен. Оларға ұсыныс айтылады. Келіссе, ақшасын төлейді. Бұл қаражат қайырымдылыққа жұмсалады деп түсіндірді. Енді мұндай атақтарға қатысты жеке пікірімді айта кетсем. Мысалы, маған ақшасына атақ сатып алуды ұсынса, келіспес едім. Өйткені оны сатып ала алмайсың. Ондай атаққа лайық болу шарт. Шын мәнінде, ұйымның да, орденнің де атауы өте салмақты. Дегенмен ешқандай артықшылығы жоқ. «Қазақстанның құрметті азаматы» екен деп тегін ұшуға мүмкіндік берілмейді. Сол сияқты осыдан 4-5 жыл бұрын «Жігіттер» мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын иеленді. Бұл – мемлекеттік атақ. Одан да келіп-кетер пайда жоқ. Демек «Құрметті азамат» та сол секілді. Бастысы, сатып алмадық. Ақиқаты – осы» дейді Ерғали Әбдірайымов.

Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Марат Тоқашбаевқа хабарласып, пікірін білген едік. Оның айтуынша, қоғамдық марапаттардың санын әлі де көбейту керек. Әр сыйлықты тағайындау үшін заңмен реттеу қажет емес деген пікірде. «Негізі марапатқа «Қазақстанның» дегенді қосу оның ресми атақ екенін көрсетеді. Бірақ «Қазақстанның құрметті азаматы» деген – орден мемлекеттік емес, қоғамдық марапат. Наградалар үшке бөлінеді: мемлекеттік, қоғамдық және кәсіпорындық. Марапат туралы Заңмен барлық мекеменің ішінде берілетін грамота, атақтарды реттеу мүмкін емес. Әлемдегі ең атақты марапат – Нобель сыйлығының өзі – мемлекеттік емес. Іс жүзінде ұйым заңға теріс ештеңе істеп жатқан жоқ. Мұндай қоғамдық марапаттардың болғаны дұрыс. Елбасымыздың «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген еңбегінде адамдардың еңбекке құлшынысын арттыру үшін қоғамдық марапаттар керек делінген. Демек, қоғамдық ұйымдар тарататын сыйлықтар қажет» дейді ол.

«Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті» ЖШС-на хабарласқан едік. Сайтында көрсетілген нөмір сөндірулі тұр екен. Байланысқа арналған тағы бір нөмірді тауып, оған да қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын көтерген қыз есімі мен қызметін айтудан бас тартты. Бірақ барлық жұмыстарының заңды екенін дәлелдейтін құжаттарды жолдады. Түскен қаражатты Астана қаласындағы Манас көшесі, 17/1 мекенжайында орналасқан «Бала үйіне» аударатынын айтты. Сонымен бірге атақ сатумен айналыспайтындарын да жеткізді. Артынша нөмірімізді бұғаттап, байланысты үзді. Қолдағы бар құжатты заңгер Абзал Құспанға көрсетіп, осы мәселеге қатысты пікірін сұрадық. «Барлығын қарап шықтым. Бұл жерде жазылғанның бәрімен толықтай келісемін. Ешқандай қылмыс құрамының белгілері жоқ. Болуы мүмкін емес. Бірақ біздің мақтанқұмар адамдар қалтасынан ақша шығарып, ол атақтың қандай екенін жақсы біліп отыр. Ешкім ешкімді алдап жатқан жоқ. Мүлікке қатысты кез келген қылмыс, мейлі ол алаяқтық болсын, міндетті түрде келесі тарапты алдаумен, еркінен тыс ақшасын алып алумен ерекшеленеді. Мына жерде мұның біреуі де жоқ. Одан кейін құжатта Әділет министрлігі тарапынан жауап берілген. Мұндай сыйлықтарды арнайы реттейтін заң жоқ. Мемлекеттік наградалар туралы заң тек мемлекеттік марапаттарға ғана қатысты. Азаматтық заңнама заңда тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген деген принциппен жұмыс істейді. Жалпы алғанда бұл мәселені көтеріп, мұндай сатып алған марапаттың мақтанқұмарлық екенін көрсеткен жөн. Қоғам тарапынан сынға ұшыраса, азаяр еді» дейді заңгер.

Шын мәнінде, ұйымдардың атауын қоюда, осы сынды марапаттарды тағайындауда бақылау болғаны жөн сияқты. Өйткені ел ішінде түсінбестік көп. Бұдан бөлек, әр салада үздік деп тауып, алдына «Құрметті» сөзін қосатын ақылы атақтар жеткілікті. Егер мұндай марапаттар көбейсе, мемлекеттік сыйлықтардың қадірі кетіп қалмас па екен? Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» дегенге ұқсас әр облыстың құрметті азаттарына арналған атақ бар. Болмаса, білім саласындағыларға мемлекет тарапынан тағайындалатын марапаттан бөлек, ақшаға сатылатын түрлері де жеткілікті. Күллі Қазақстанның құрметтісі болу үшін маңдай тердің сіңгені емес, әлдекімдердің есепшотына қаражаттың түскені керек болғаны қалай? 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Дереккөз: Айқын