Сатқындық? Мен тіпті туыс-туғанды да аяған жоқпын – Назарбаев

0

Назарбаевтың баспасөз-хатшысы Тұңғыш президент күні қарсаңында әзірленген деректі фильмнің трейлерін көрермен назарына ұсынды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Штрихи к портрету” деп аталатын деректі фильмнің тұсаукесері ертең кешкі сағат 21:40-та “Хабар” арнасында өтеді. Мұны Твиттер парақшасы арқылы хабарлаған Назарбаевтың баспасөз-хатшысы фильмнен аз-кем үзінді ұсынған екен.

“Адамға 100 пайыз сенім артасың. Жаныңа жақын ұстайсың. Ол болса арқа тұсыңнан таспен ұрады. Аса бір жиіркенішті әрекет. Сатқындық па? Сатқындықты еш уақытта кешірмеймін. Тіпті туған-туысқанымның өзіне аяушылық танытқан жоқпын”, – дейді осы фильмде Тұңғыш президент.

Фильм желісі негізінен өткен отыз жылды қорытындылауға құрылған сыңайлы. Назарбаев осы кезеңді ой елегінен өткізе отыра, отбасы мәселесін де қозғайды.

Деректі фильм бірнеше бөлімнен тұрады. Тұңғыш президенттың өмірі жолы мен қызметтік жылдарын тұтастай қамтитын картинаның режиссері Айгүл Әділова деген журналист. Фильмді дайындауға Елбасының баспасөз-қызметі мен Назарбаев қоры демеушілік етіпті.

“Сіз бұл фильмде Назарбаевты мүлде басқа қырынан танисыз” – дейді әріптесіміз.

Бұл Тұңғыш президент күніне арналған жалғыз жоба емес. Мереке күні көрермен “Назарбаев факторы” деп аталатын тағы бір деректі фильмді тамашалайтын болады.