Сәтбаев қаласында ақ ұлпа қардың қара түске боялуына не себеп екені айтылды
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары 8 қаңтардан бері қара қарға байланысты әлеуметтік желіде шағым білдіріп жатыр. Экология департаментінің қызметкерлері бұл құбылысқа «Kazakhmys Distribution» компаниясына қарасты жылу электр орталығынан шығарылатын зиянды заттар себеп болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, қардың қара түске боялуына атмосфераға түсетін ластаушы заттардың шығарындылары себеп болды.
«Қардың қара түске боялуына – Kazakhmys Distribution ЖШС жылу электр орталығының қазандықтарынан тазарту қондырғылары арқылы толық тазартылмай атмосфераға түсетін ластаушы заттардың шығарындылары себеп болды», – делінген хабарламада.
Ведомство 2024 жылы Kazakhmys Distribution компаниясында осыған ұқсас жағдай бойынша тексеру жүргізгенін айтты. Одан кейін компанияға 42,9 миллион теңге айыппұл салынған. Олар бұзушылықтарды түзетуге міндетті болған.
21 қаңтардан бастап экология департаменті Kazakhmys Distribution компаниясына тағы да жоспардан тыс тексеру жүргізді. Сарапшылар талдау үшін жылу электр станциясының шығарындыларының көздерінен сынама алады. Тексеру қорытындысы бойынша министрлік ақпарат береді.
«Kazakhmys Distribution» — «Қазақмыстың» еншілес кәсіпорны.
Корпорацияның түпкілікті бас ұйымы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген «Kazakhmys Holding Limited» компаниясы. Оның 70%-ы Владимир Кимге тиесілі.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында ақ ұлпа қар қара түске боялғаны хабарланған еді. Тұрғындар мұндай жағдай жергілікті қазандықтың мұржасынан шыққан күйенің кесірінен болып отыр деген еді.