Сарытеректегі наразылықтан кейін Зайсан тұрғындары облыс әкімімен кездесті

0

20 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының орталығы Зайсан қаласында наразы тұрғындар облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті. 19 ақпанда осы ауданға қарасты Сарытерек және Айнабұлақ ауылында тұрғындар Майқапшағай шекара бекеті арқылы Қытайдан бері қарай өткен бір топ жолаушыны осы елдімекендерге әкеліп, карантинге жатқызуға қарсылық білдірген.

Бейсенбі күні әкіммен кездескен тұрғындар шекара бекетін жабуды талап етті. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов халықты сабырға шақырып, тұрғындардың шағымын тыңдады.

Сарытерек ауылының Айболат есімді тұрғынының айтуынша, 19 ақпанда наразы халық карантин үшін әзірленген амбулаториядағы кереуеттерді сыртқа шығарып тастап, жолаушыларды әкелмеуді талап еткен. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, көрші Айнабұлақ ауылында да осыған ұқсас наразылық болған. Оқиға орнына түнделетіп жеткен аудан басшылары, прокуратура өкілдері халыққа жолаушыларды әкелмейтінін айтқан. Тек осыдан кейін халық тараған.

Тұрғындардың айтуынша, шекара бекетінен өткен жолаушылардың Зайсандағы оқу орындарының біріне әкелінетіні туралы хабар тарағаннан кейін Зайсан тұрғындары наразылық білдірген.

19 ақпанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирус анықталған елден қайтқан қазақстандықтардың 14 күндік карантиннен өтуі тиіс екенін, ереже бұзғандар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq