«Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы биылғы желтоқсанда басталады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы биылғы желтоқсанда басталып, келесі жылғы желтоқсанда аяқталатынын айтты.
«Қазіргі уақытта республиканың елді мекендерін газдандыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға көп көңіл бөлініп отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтық газды тұтыну 13 млрд 800 млн текше метрді құрады. 2000 жылмен салыстырсақ, елімізде газдандыру 2,5 есе артыпты. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының халқын газбен қамтамасыз ету деңгейі 47,38 пайызды құрады. Бұл ретте, газдандырудың жалпы схемасына сәйкес, 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 56 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл қосымша 1,5 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Сәбит Нұрлыбай Сенатта Жасыл экономика тақырыбында өткен Үкімет сағатында.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 17 өңірінің 11-і табиғи газбен қамтамасыз етілуде. 2017 жылы 102 млрд киловатт/сағат электр энергиясын өндіріп отырмыз дейміз. Соның ішінде газ-электр стансаларының үлесі 20,2 пайызды құрайды.
«Ал біздің жоспарлық индикатор бойынша осы күнгі көрсеткішке 2020 жылы жетуіміз керек. Яғни, біз үш жыл ертерек орындап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1,5 жыл ішінде біз «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысын іске асыруымыз қажет. Жоба жүргізетін «АстанаГаз КМГ» АҚ тендер өткізіп, мердігер анықталды », — деді Сәбит Нұрлыбай.
Вице-министр кулуарда берген сұхбатында бүгінгі таңда оператор «АстанаГаз КМГ» мердігер — «Қазқұрылыссервис» компаниясымен газ құбырының құрылысы бойынша келісімшарт бекіткенін айтты.
«Осы желтоқсанда «Сарықарқа» магистралдық газ құбырының жұмыстары басталады. Келесі жылдың желтоқсанында магистралдың өзі салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Бұл құрылыстың бірінші кезеңі. Бірінші кезеңде Қызылорда облысынан бастап Астанаға дейін магистралдық газ құбыры салынады», — деді Сәбит Нұрлыбай.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ