Сарыағашта «директорға жала жапты» деп айыпталған мұғалімнің соты жалғасты

0

29 қаңтар күні Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты осы аудандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры Халида Қабылованың бұрынғы математика пәнінің мұғалімі Бахытжан Бейсенбаевтың үстінен түсірген шағымын қарауды жалғастырды. Директор мұғалімді «жала бапты» деп сотқа берген. Қабылованың сөзінше, мұғалім Бейсенбаев өзіне «ақша жинайды» деп «жала жапқан».

Судья Берік Каипов істі Қылмыстық Кодекстің «Жала жабу» бабымен қарап жатыр. Бахытжан Бейсенбаевтың үстінен Қабыловадан бөлек Сарыағаш ауданы Диханбаба ауылының тұрғыны Райхан Смайылова да шағымданған. Судья бұл шағым кәмелет жасқа толмаған оқушымен байланысты болған соң сот тергеуі біткенше іс жайлы жарияламайтынын ескертті.

Бахытжан Бейсенбаевтың айтуынша, Қабылова мен Смайылова арызды өз қолымен жазбаған. Екі арызды бір адам жазған. Айыпталушының сөзінше, «мектеп директоры Қабылова әр түрлі себеппен ұстаздардан ақша жината берген соң оны жариялауға мәжбүр болған».

— 2019 жылдың қараша айында Қабылова 100 мың теңге жинау керегін айтты. Оның алдында жылуға деп 165 мың теңге жинадық. Тамызда есеп үшін 6 мың теңгеден бердік. Қашанғы жинай береміз деп ашуланып журналистерге айтқаным рас, — деді айыпталушы.

Бахытжан Бейсенбаев тағылған айыпты мойындамайтынын, құқығы өрескел бұзылғанын айтып, соттан істі қарауды тоқтатуды сұрады. Сот оның талабын қанағаттандырмады.

— Мектепте директордың 13 туысы жұмыс істейді. Мұғалімдер түрлі себеппен ақша жинайтынын айтуға қорқады. Менің бар мақсатын мектепте ақша жинауды тоқтату болды. Қашанғы ақша жинай береміз?, — деді Бейсенбаев сотта.

Жәбірленуші Халида Қабылова Азаттыққа қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Бахытжан Бейсенбаев Сарыағаш ауданы Диханбаба ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 17 жыл физика, математика пәнінен сабақ берген. 2019 жылдың қарашада «директордың ақша жинауы» туралы мәлімдемесінен соң жұмыстан босатылған.

Azattyq