«Сәрсенбаев өліміне қатысы бар» сотталушы шартты жазамен босап шығуды сұрайды

0
129

5 тамызда Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев өліміне қатысы бар деп 20 жылға сотталған Виталий Мирошниковтің түрме жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы шағымын қарай бастады.

Мирошников сот отырысына Алматыдағы тергеу изоляторында отырып, видеоконференция арқылы қатысты.

Оппозиция лидері болған Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынды 2006 жылы 11 ақпанда ұрлап әкеткен. 13 ақпанда олардың денесі Алматы маңынан табылған.

Алматыдағы сотқа Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы, журналист Рысбек Сәрсенбай қатысып жатыр. Ол 5 тамыз ертесімен Facebook парақшасында Мирошниковтің өтінішін қарайтын сотқа шақырту алғанын, бірақ Алтынбек Сәрсенбаевтың ағалары мен қарындастары, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің туыстары бұл сот жайлы білмейтінін жазды.

Прокурор мен Мирошников қамауды отырған абақты қызметкері сот отырысына журналистердің қатысуына қарсы болды. Мирошников пен оның мемлекет тағайындаған адвокаты журналистердің қатысуына қарсы емесін айтты. Ал жәбірленуші тарап ретінде келген Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова тілшілер сот залында қалдыруды талап етті. Судья бастапқыда журналистерді залдан шығару туралы шешім қабылдап, соңынан отырыста қалдырды.

Отырысқа видео арқылы қатысқан Мирошников судяның сұрақтарын дұрыс естімегені байқалды. Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова мен Рысбек Сәрсенбай Миошниковті сот залына әкелуді талап етті. Сәрсенбай мен Аспандиярова судьяға сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді. Олар «судья сотпроцесін дұрыс жүргізбеді, процессуалдық процесті бұзды» деп есептейтінін айтты.

Жәбірленуші тараптың сенімсіздік білдірілген соң судья істің түстен кейін жалғасатынын айтып, кеңесуге шығып кетті.

Мирошников шағымы қанағаттандырылса, Алтынбек Сәрсенбаев пен екі көмекшісінің өліміне қатысты түрме жазасы шартты жазаға ауыстырылған кезекті сотталушы болады. Бұл іске қатысы бар деп сотталған ҰҚК-нің «Арыстан» бөлімінің қызметкерлері босап шыққан. «Алтынбек Сәрсенбаев пен екі көмекшісін өлтіру жоспарын жүзеге асырды» деп айыпталған бұрынғы полицей Рустам Ибрагимов өмір бойы түрме жазасына кесілген.

2014 жылы қарашада сот «Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс берді» деп айыпталып, 20 жылға сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаевтың түрме жазасын шартты жазаға ауыстырған. Оның алдында, 2014 жылы ақпанда сот Өтембаевтың жазасын 13 жылға қысқартқан. Сот ол «Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс берген жоқ, оны және көмекшілерін өлтіруге септесті» деген. Тергеу мен прокуратура 2013 жылы Сәрсенбаевты өлтіруге елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев тапсырыс бергенін мәлімдеген.

Алтынбек Сәрсенбаевтың жақындары Өтембаевтың шартты түрде түрмеден босап шығуына қарсы шағым түсіргенімен, сот оны қанағаттандырмады. Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы Рысбек Сәрсенбай «Өтембаев тапсырыс берушілердің нақты кім екенін ашып айтпады» деп санайды.

2018 жылы маусымда Өтембаев өмірден өтті.

Рахат Әлиев «Өкіл қайын ата» кітабында Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне тапсырыс бергендерді жоғарғы биліктен іздеу керегін жазған. Әлиев 2015 жылы ақпанда австриялық түрмеде өлі күйінде табылған. Австрия билігі Әлиев өз-өзіне қол салғанын хабарлаған.

Azattyq