Сараптама: Неге Байден жеңеді?

0

Қазір америкалықтармен қоса бүкіл әлем АҚШ саяси алаңындағы маңызды болған президент сайлауының нәтижесін күтіп отыр. Әзірге Байден 253 электоралды дауыс, ал Трамп 214 жинап отыр. Сайлау нәтижелері жиналмаған тағы 6 штат қалды. Аризона (11 дауыс) мен Невадада (6 дауыс) Байден алда, ал Аляска (3 дауыс), Пенсильвания (20 дауыс), Джорджия (16 дауыс) және Солтүстік Каролинада (15 дауыс) Трамп алда келеді. Байден жеңу үшін кем дегенде 17 дауыс жинауы тиіс. Ал Трамп 56 дауыс иемденуі тиіс.

Көптеген медиа ресурстар Аризонаны Байденге жазып қойды. Бірақ ол жөнсіз. Себебі сайлау нәтижелері толық саналып, жарияланбай, қай үміткердің жеңгенін айту ол дерекке емес, сарапшы болжамына жүгінгендей болып отыр. Ал мұндай маңызды ивентте дерекке сүйену журналист үшін приоритетте тұруы тиіс. Сол үшін президент сайлауына қатысты мәліметті The Guardian немесе The Wall Street Journal-дан емес, The New York Times немесе The Washington Post басылымдарынан қараңыздар.

Неге Байден жеңеді деген сұраққа келсек. Биылғы сайлауда пошта арқылы дауыс беру процесі айтарлықтай ауқымды болды. 65 миллион америкалық пошта арқылы, тағы 36 миллионы сайлау күнінен бұрын дауыс берді. Мен түсінгендей, әр штаттағы дауыстарды санап отырған мамандар алдымен сайлау күні түскен дауыстарды санайды. Ал сосын ерте дауыс бергендер мен пошта арқылы дауыс бергендерді санап жатыр екен. Сонымен, пошта арқылы дауыс бергендердің басым бөлігі демократтар екенін ескерсек (Себебі пандемияға байланысты пошта арқылы дауыс беруді демократтар көтерді. Ал республикалықтар керісінше сол күні дауыс беруге шақырды), қазір санақ бітпеген штаттардағы аз дауыстың көп бөлігі демократтардікі болуы мүмкін. Сәйкесінше, олар Байденге дауыс берген. Дәл осы себеппен Байден Висконсин мен Мичиган штаттарында бәйге соңында алға шығып, жеңіп кетті.

Висконсин және Мичигандағыдай трендті қазір Пенсильвания мен Джорджия штаттарында байқауға болады. Мысалы, Пенсильванияда Трамп 10 пайызға алда келе жатқан еді. Ал қазір ол айырмашылық 2 пайызға төмендеді. Джорджия да айырмашылық 6 пайыздан 0,4 пайызға түсті. Бұл соңынан саналып жатқан дауыстар (пошта арқылы берілген дауыстар) демократтардікі екенін дәйектейді.

Ал Трамп басында жеңіл келе жатып, сосын жеңіліп қалғанын алаяқтық деп отыр. Сол себепті де кеше Мичиган бас прокуратурасына арыз түсірді. Ал АҚШ-тың бас прокуратурасына ол дауыс беруді тоқтатуды талап етіп отыр. Республикалықтардың ойынша, адамдар сайлау күнінен кейін де пошта арқылы дауыс беріп жатыр. Сәйкесінше, ол дауыстар демократ Байденді қолдап отыр. Бірақ пошта арқылы дауыс берудің соңғы күні сол сайлау күні болып бекітілген. Трамп және республикалықтардың айыптауларына қатысты ешқандай дәлел жоқ.

Меніңше, сайлау нәтижелері толық аяқталғаннан кейін Байден-Трамп драмасы жалғасады. Бірақ одан аса үлкен өзгерісті күтпейміз.

Жолдас Өрісбаев, Telegragm каналынан