Сарапшылар: Құддыстағы қақтығыс үлкен соғысқа ұласуы мүмкін

0

Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс 7 күннен бері басылар емес. Бұл туралы «ӘЛЕМ» бағдарламасынан біле аласыздар.

Екіжақты қақтығыс бәсеңдеудің орнына, күн өткен сайын үдеп барады. Соңғы мәлімет бойынша, Израиль әскерінің әуе шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтар саны 150 адамнан асты. Арасында 40-тан астам бала бар. Ал ХАМАС ұйымының зымырандарынан Израильдің 10-нан аса азаматы ажал құшқан, екеуі – бала. Екі тараптан атқыланған зымырандар саны мыңдап саналады. Сарапшылар қақтығыс соңы үшінші интифада, яғни арабтардың жерін қорғауға бағытталған ұлт-азаттық соғысқа ұласуы мүмкін деген қауіп айтады.

Сарапшылардың айтуынша, Израиль-Палестина арасындағы осы жолғы қақтығыстың басталуына екі үлкен себеп бар. Бірінші себеп, Израильдің Жоғарғы соты Шейх-Джаррах ауданындағы төрт палестиналық отбасыны күштеп көшіру туралы шешім шығарды. Мамырдың 8-інен 9-ына қараған Қадір түнінде шиеленіс шырқау шегіне жетті. Израиль әскері Әл-Ақса мешітіне қарай кіретін барлық қақпаның кілтін күшпен тартып алды. Екінші себеп – Рамазан айы басталған 13 сәуірде Құддыс аумағындағы Әл-Ақса мешітінің аумағына өтуге Израиль билігі тыйым салып, металл қоршаулар орнатып тастады.

Әл-Ақса – мұсылмандар үшін Меккедегі Қағбада орналасқан Харам мешіті мен Мәдинадағы Пайғамбар мешітінен кейінгі үшінші қасиетті орын.

Негізі Әл-Ақса аумағын Израиль әскері 1988 жылы басып алған. 12 күнге созылған наразылық шараларынан кейін 25 сәуірде Израиль темір металдарды алды. Бірақ еврейлер 9-10 мамырда ұлттық мерекесі – Иерусалим күнін атап өтіп, отқа май құйды. Израиль әскері наразы палестиналықтарды тарату үшін ағыны қатты мұздай су шашып, дыбысы адам шошытатын гранаталар лақтырып, резеңке оқтар атты. Бұдан жүздеген бейбіт тұрғын жарақат алды. Палестиналықтардың негізгі қаруы – тастар. Осыған ызаланған ХАМАС ұйымы еврей билігінен қуғын-сүргінді және арандатуды тез арада тоқтатып, әскерін Әл-Ақса мешіті аумағынан алып кетуді талап етті және Тель-Авив пен басқа қалаларды зымыранмен атқылайтынын ескертіп, 10 мамырдағы кешкі сағат 6-ға дейін уақыт берді.

Израиль бұған құлақ аспады. Ақыры ХАМАС сөзден іске кірісті. Содан бері бір апта бойы екі тарап бірін-бірі толассыз атқылап жатыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Біз әскери күшті толық қарқынмен қолдана бермекпіз. Осылайша террористік ұйымдамдардың көзін құртып жатырмыз. Бізге оқ атқанға қарсы біз де оқ атамыз. Бейбіт тұрғындарды қалқан етіп алған ХАМАС ұйымын құртамыз. Бірақ мүмкіндігінше бейбіт азаматтарға зиян келтірмеуге тырысамыз.

Махмұд Аббас, Палестина президенті:

– Құддыс – Палестинаның жанды жері, жаны мен жүрегі. Оны толық азат етпей, ешқандай да бейбітшілік, қауіпсіздік болмайды. Құддыс – Палестинаның мәңгілік мемлекетінің астанасы. Мен АҚШ пен Израильге «Жетеді енді, елімізден кетіңдер» деп шегелеп тұрып айтқым келеді. Жеріміздегі басып алу саясатын ертең емес, бүгін тоқтатыңдар.

Халықаралық қауымдастық екі тарапқа да басу айтып жатыр. Әсіресе еврей билігін айыптаған мұсылман елдерінің қарсылығы күшті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 14 мамырда төтенше талқылау өткізбекші болған, бірақ бұл ұсынысқа АҚШ қарсы шығып, жиналысты болдырмай тастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы әзірге мәлімдеме жасаудан аса алмай отыр.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:

– Бас хатшы басып алынған Палестина мемлекеті мен Израиль арасындағы ушыққан жағдайға қатты алаңдаулы. Израильдің Газа секторын атқылауынан және Газа жақтан жіберілген зымырандардан бейбіт тұрғындар, оның ішінде балалар қаза тауып жатыр. Бас хатшы құрбандардың отбасыларымен бірге. Израиль қарулы күштері басқыншылықты доғаруы тиіс. Израиль халқын зымыранмен атқылау да тоқтатылсын. Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық жауапты тараптармен тез арада жағдайды реттеу мақсатында жұмыс істеп жатыр.

«Жер ашуы – ел ашуы» десек те, екі жақты қақтығыстан негізінен қырылып жатқандардың дені – бейбіт тұрғындар. Бір аптадан бері толассыз жалғасып жатқан атыс-шабыс талай әулеттің тұқымын тұздай құртып, жетімдер мен жесірлер санын көбейтіп жатыр.

Ахмад Йакуби, Газа тұрғыны:

– Израиль атқылаған зымыран бір үйді талқандап, бір отбасының 8 бірдей баласы қаза тапты. Олар бар болғаны 1-10 жас аралығында болған. Бұл – жоспарлы және жүйелі кісі өлтіру қылмысы, нағыз айуандық. Еш ақтауға келмейді.

Сарапшылар Израиль-Палестинаның осы жолғы қақтығысын тоқтату қиынға соғатынын, тіпті үлкен соғысқа ұласуы мүмкін екенін айтады. Палестинаның ХАМАС ұйымы Құддысты біржола азат етеміз деп мәлімдесе, Израиль «ХАМАС-тың көзін құртпай тыншымаймыз» деп отыр.