Сарапшылар Кремль қожайындарының ақыл-есіне күмәнмен қарап отыр

0
3402
Russian President Vladimir Putin and Prime Minister Dmitry Medvedev speak before a meeting with members of the government in Moscow, Russia January 15, 2020. Sputnik/Dmitry Astakhov/Pool via REUTERS ATTENTION EDITORS - THIS IMAGE WAS PROVIDED BY A THIRD PARTY. - RC2EGE9MKZQK

«…Бұған түрліше қарауға болады. Ақырзаманның салт аттылары қазірдің өзінде жолға шықты. Бар үміт  тек қана Құдайда». Бұл – Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің Қатардың Al Jazeera  телеарнасына берген сұхбатында айтқан сөзі.

Ол Ресей қандай жағдайда ядролық бомба тастайтынын айтып берді. Киев АҚШ-тың жойқын қаруларымен Ресей аумағын бомбалайтын болса, Кремль қызыл түймені басуға тас-түйін дайын көрінеді.

«Ядролық соғысты ешкім қаламайды. Жер бетінде ядролық аласапыран болмау үшін бәрін жасау керек. Бірақ «бұл мүмкін емес» деу – қателік»,  деді Медведев.

Бұл – Ресей басшыларының ядролық қару қолдану туралы айтқан алғашқы пікірі емес. Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путиннің де: «Ядролық соғыс болса, адамзат түгел құриды. Біз шейіт ретінде жұмаққа барамыз. Ал олар тозақта өртенеді», – дегені есте.

Бұл мәселеге пікір білдірген бірқатар қазақстандық сарапшы Ресей басшылығындағы адамдардың ақыл-есінің дұрыстығына күмәнмен қарап отыр

Бұл  Ресейдің әлсіздігі

– Ресей басшылығы Батыстың психикасына әсер етіп, «ядролық қару қолданамыз» деп қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Бұл – Ресейдің соғыстағы әлсіздігі. Егер мықты болса, ядролық қарусыз-ақ діттегеніне қол жеткізетін еді. Жағдай қазір мүлде басқаша. Оның әлемге бопса көрсетуден басқа амалы жоқ. Бүкіл әлемге, Батысқа ядролық соғыспен доқ көрсетіп отыр.

Олардың бұған дәттері жете ме? Менің ойымша, бұл адамдар психикалық параметрлері жағынан «қызық» болғанымен де, ақылдарынан мүлде ажырамаған болуы керек. Жемқорлық арқылы тапқан қыруар байлығы мен дүниесін ядролық соғыстың отына өртеп жіберу үшін жинаған жоқ шығар. Бұған бара қоймас деп нық сеніммен айта аламын.

Психикалық аурухананың пациенттерін еске түсіреді

– Ядролық соғысқа бара қоймас. Бірақ Ресей басшылығындағы бірнеше адам психикалық аурухананың пациенттерін еске түсіреді. Әйтеуір, істеп жатқан іс-әрекеттері, айтқан сөздері жібі түзу адамдарға лайықты емес.

Бұған ешқандай себеп, уәж таппай отырмын. Жан-жағынан қарайтын, «қайда бара жатырмыз өзі?» деп сауал қоя алатын сау адам жоқ-ау. Ресейде азаматтық соғыстың алғышарттары көрініп келеді.

Менің ойымша, бұлар әбден тығырыққа тіреліп отыр. Бастапқы қойған мақсаттары бәрі керісінше шықты. «НАТО жақындамасын» деп еді, одан бетер жақындай түсті. Енді Швеция мен Финляндия мүше болмақ. «Шекарада қару-жарақ, әскер болмасын» деп еді, Польша, Украина және Балтық жағалауы елдеріне қару-жарақты үйіп-төгіп жатыр.

Басқа амалы жоқ болғасын, қорқытып-үркітуге көшті. Солтүстік Корея басшылығынан еш айырмасы қалмады. Санаға сыймайды. Мұны Ресей сарапшыларының өзі айтып отыр. Соғыстың аяғы, жеңістің басы көрінбейді.

Медведев – Ресейде президент болып, төрт жыл ел басқарған адам. Осындай деңгейдегі адам мұндай сөз айтқан соң, не деуге болады? 1945 жылғы Германия басшыларының іс әрекеттеріне ұқсап тұр, «жаңа бірдеңе тауып, жаудың бетін қайтарамыз» деген қиялы, үміттері болды.

Батыс елдері қорқып отырған жоқ

– Батыс, НАТО елдері Украинаға тікелей көмек бере алмайтын жағдайға жетті. Әуе кеңістігін жабуды сұрап еді, оған бармады. Ресей «Украинаның әуе кеңістігін жапса, бізге қарсы соғыс ашу» деп есептейміз деп ескертті. Сондықтан қазір тек қана қару-жарақпен көмектесіп жатыр. Соның өзі Ресейге өте қиын тиіп тұрғаны айдан анық. Қорқытатын бір ғана жолы – ядролық қару.

Бірақ қару-жарақпен жарысып, ештеңеге қол жеткізе алмайды. Әлемдегі ядролық қаруы бар елдердің дені НАТО-ға мүше. «Кім-кімді құртып жібереді» деп жарысқа түссе де, Ресей жеңіледі. «Украинаға қару бермеңдер, берсеңдер ядролық қару қолданамыз» дегені қоқан-лоқы деп ойлаймын. Бұған барса, Ресейдің де түгін қалдырмайды.

КСРО Хрущевтің кезінде АҚШ-ты ядролық қарумен қорқытқан еді. Кубаға зымырандарын әкеп қойды. Бұл – тарихтағы екінші рет жасалған ядролық қоқан-лоқы. Меніңше, олар қызыл түймені баспайды. Өйткені, «Жалмауызға да жан керек».

НАТО елдерінің бір зымыранға үш есе көп зымыранмен жауап беруге мүмкіндігі бар. НАТО мен Ресейдің әскери күшін салыстыруға келмейді. Мәселен, бір ғана Нью-Йорк штатының бюджеті Ресейдің бюджетімен бірдей.

Қарулы бәсекелестік күшейе берсе, Ресей КСРО-ның кебін киюі әбден мүмкін. Қару-жарақ жарысына түсемін деп экономикасын тұралатып алды. Батыс елдері мұндай мәлімдемелерден қорқып отырған жоқ. Олар соғысты пайдаланып, Ресейді қайта бас көтере алмайтын елге айналдырғысы келіп отыр. Сондықтан Батыс тәуекелге дайын.