Сарапшылар доллардың болашағын болжады — Қаржы-қаражат

0

Америкалық сарапшылыр өз ақшаларының болашақта күйреуі мүмкін деген болжамды жарыса жазып жатыр, — деп хабарлады КТК.

Мұндай болжамды экономистер қандай факторларға сүйеніп айтып отыр?

Доллардың «мәңгілік құдіретіне» деген шексіз сенімге селкеу түскендей. Көк қағазға қатысты күмәншіл көзқарастарды басқа емес, Американың атақты экономистері жазып жатқаны расымен де ойландыратын жайт. Әлемдік сарапшылар Американың федералды резервтер жүйесі долларды күшейтіп, дүниежүзіне иелік жасаймын деген амбициядан арылғаны жөн дейді. Өйткені, пайыздық мөлшерлеменің жылына үш рет өсуі өзге емес, америкалық кәсіпкерлерге кері әсер етіп, доллардың тапшылығы айтарлықтай сезіліп жатыр екен. Тіпті, доллар 30 пайызға құнын жоғалтады деген болжам бар. Отандық экономистер де «жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынын» айтады.

«Долларға бүгін бәрі сенеді, ертең ол бірақ сәтте жоқ болуы мүмкін. Бұл болжамның негізі бар. Себебі, ол алтынмен бекітіліп отырған валюта емес. Ресей доллардан бас тартып жатыр. Түркияны көріп отырсыздар. Қытай да сауда-саттық қарым-қатынастарды көрші елдердің валютсында немесе юаньда жүргіземіз деген талап қойып отыр», — деді экономист Мақсат Халық.

Алайда, елімізде ұлттық валютаның долларға шақандағы бағамы теңселіп тұр. Ақша айырбастау орындарында 1 доллар 370-371 теңгеден сатылып жатыр. Төл теңгеміздің жыл басынан бері нығайғаны шамалы.Сарапшылар доллардан бас тартуды айтпағанның өзінде, әлемдік валютаның күйреуіне Қазақстан дайын еместігін жеткізді.

Мәселен, еліміздің алтын-валюта қоры 87 миллиард долларға жуықтайды. 30 миллиарды алтын құймалар болса, 57 миллиарды шетел банктерінде сақталып отыр. Алда-жалда АҚШ ақшасына қара бұлт үйірілсе, осыншама қомақты ақшаны бір-ақ сәтте жоғалтамыз дейді экономистер. Халықтың басым көпшілігі де жиған-терген ақшаларын доллармен ұстайтыны тағы бар.

«Бізде халық ұлттық валютаға қарағанда долларға қатты сенеді. Дедоларизация саясатына дайындалу керек. Егер біз мүмкіндігінше долларға деген тәуелділіктен құтылсақ, Ұлттық қордағы қаражатты өзге валютада сақтасақ. Онда біз мемлекетімізді күйреу процесіне дайындап үлгереміз», — деді экономист Мақсат Халық.

Сондай-ақ, мамандар әлемдік қаржы нарығы алтын валюталық стандартына қайта оралуы ғажап емес дейді. Болашақта доллар әлемдік валюта деген статусын сақтап қала ма? Ол жағын енді уақыт көрсетер.

Дереккөз: КТК.