Сарапшылар болжам жасады: Қазақстанның келесі премьер-министрі кім болады?
Ақтауда 2 қаңтар күні наразылыққа шыққандар газ бағасын төмендетуді және үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Олардың бұл талаптары орындалып, үш жыл бойы министрлер кабинетін басқарған Асқар Мамин өз еркімен лауазымын босатты. Оның орнына премьер-министрдің міндетін атқарушы болып Әлихан Смайлов сайланды. Ал бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет құрамын ұсынатынын айтқан еді. Осыған орай, Stan.kz тілшісі келесі премьер-министр кім болуы мүмкін екенін саясаттанушылардан сұрап білді.
Бар әлемнің назарын Қазақстанға аударған көтерілістер мен төңкерістерді бір жақ жалпыұлттың шеруіне теңесе, екінші жағы мемлекеттік төңкеріске балайды. Бұл оқиғалардың сыры әлі де болса ашылады, дегенмен бүгін 11 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын жариялайды. Бұл жайында айтылар ой мен болжамдар да аз болып жатқан жоқ. Келесі премьер-министр кім болады? Жаңа үкімет қалай жасақталуы қажет?
«Барлығы бірдей»
Белгілі саясаттанушы Дос Көшімге хабарласып, ойын білдік. Оның сөзінше, қандай адам келсе де бұрынғы құрам шенеуніктерінің орын алмасуымен аяқталады.
«Бұрынғы номеклатураның ішіндегі адам болатыны анық. Бұл – қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгермейді деген аксиома. Өкінішке орай, осы отыз жылдың ішінде биліктің бағытынан басқа ой-пікірі, ұстанымы бар саяси күш қалыптаспады. Дұрысын айтсақ, қалыптастырмады», – дейді ол.
Қазір біраз министрлер өз қызметтерін атқарушы ретінде атқарып отыр. Алдағы уақытта біразы орындарымен қош айтысулары мүмкін. Саясаттанушыдан қазіргі жағдайда өзі кімді бұл орынға лайықты деп көретіні туралы сұрадық.
«Мен үшін барлығы да бірдей. Мамин де, жаңадан тағайындалатын адам да. «Лайықтылар» мен айтқан жаңа саяси топпен (партия ма, әлде қозғалыс, клуб па) ғана келеді», – деп жауап берді Дос Көшім.
Қазақ тілін меңгерген болуы тиіс
Білім саласының сарапшысы ретінде Аятжан Ахметжан елдегі жағдайға байланысты жаңа үкіметтің шынайы білікті жап жаңа құрам болуы қажет екенін атап өтеді. Сонымен бірге толық қазақ тілін білуі маңызды дейді ол.
«Осы жолы бейбіт шеруге шыққандар – қазақ тілді қауым. Қызығы, өткенде ең алғаш Жаңаөзен мен Ақтауда бейбіт шеру басталғанда энергетика министрлігі брифингін орыс тілінде өткізді. Негізі күлкілі әрі ашу тудыратын дүние. Талап етуші жақ – толық қазақ тілді облыс. Ал жауап орыс тілінде. Бұндай жағдайлар келесі үкіметте болмауы тиіс», – деп жазады Ахметжан.
Сарапшы Ғазиз Әбішев үкімет басына лайықты адамдар тізімін атаған. Ол бұл қатарға Өмірзақ Шөкеев, Ерлан Қошанов, Қанат Бозымбаев пен Даниал Ахметовты кіргізеді.
«Белгілісі – үкіметті өте үлкен әрі күрделі жұмыс күтіп тұр. Бәрі де олардың атқарған жұмысына, жеке қарым-қатынасына, жұмыс істеуге даярлығына байланысты. Жаңа премьер елді әлеуметтік, экономикалық және бюрократиялық дағдарыстан алып шығуы керек», – дейді сарапшы.
Не де болса, бүгінгі басты назар Ақордада болмақ. Сарапшылардың пікірінен болашаққа үлкен бағдар мен сенімді аңғарғандаймыз. Ең бастысы, билік пен халықтың ойының ұштасқаны.