Сарапшы ана капиталы жайлы: 42 мыңды әрең берген үкіметтің мұны қабылдауы екіталай
Осыдан бір апта бұрын депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, әр сәби үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды. Мәжілісмендер бұл бастама отбасылардың тұрмысын түзеп, елдегі кедей балалардың санын азайтады деп санайды. Пандемиядан туындаған дағдарыс жағдайында әр босанған анаға қомақты қаржы төлеу ел қазынасына қалай әсер етеді? Экономиканың бұдан көрер пайдасы қандай? Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын белгілі экономистерден сұрап білді.
«Мемлекеттің мұндай шығындарға баруы екіталай»
Экономист Арман Байғанов елде ана капиталын енгізуді қолдайды. Алайда, оның пікірінше, үкімет мұндай қадамға бармайды. Сарапшы оған төтенше жағдай кезінде 42 мың теңгені төлей бастағанда-ақ көз жеткізген.
«Әр балаға 4 миллион теңге беруі екіталай. Өйткені билік пандемия кезінде 42 500 теңгенің өзін әрең төледі, ол уақытша қолдау шарасы болатын. Ал ана капиталы тұрақты төлемге айналады. Сол себепті, менің ойымша, мемлекет мұндай шығындарға бармайды. Бірақ отбасылардың тұрмысын түзеу үшін 4 миллион болмаса да, соның жартысын берсе дұрыс болар еді. Экономика бұған қауқарлы. Ресей бәлен миллион халқын көтермелеп отырғанда біздің шамамыз жетпей ме?!», — дейді сарапшы.
Байғанов әр балаға 4 миллион теңгеден төлеу ел экономикасына теріс әсер етпейді деп санайды. Керісінше, ұзақмерзімді пайдасы көп. Ең алдымен елдегі туу көрсеткіші артады, нәтижесінде ел халқы жасарады.
«Бізде оңтүстікте туу көрсеткіші жоғары екенін білесіздер. Сәйкесінше, ол жақта ауыл шаруашылығы, экономика қарқынды дамып жатыр. Себебі халқы жас, тығыз қоныстанған, еңбек ресурсы жеткілікті. Ал солтүстікте олай емес, туу көрсеткіші төмен, елді мекендерде халық саны аз, жұмыс күші тапшы. Ертең бұл біз үшін өте өзекті мәселеге айналады. Сондықтан ана капиталын қазірден бастап енгізу осы түйткілдің де түйінін тарқатар еді. Көрші Ресейдің өзі елде өлім-жітім көрсеткіші туу деңгейінен асып кеткен соң, ана капиталын енгізуге мәжбүр болды емес пе. Өйткені халық санының азаюы деген ұлттың жоғалуы, ол елдің болашағы болмайды», — деді экономист.
Айтуынша, бүгін халыққа төленген ақша ертең экономикаға қайта оралады. Сол себепті ана капиталының ұзақмерзімді перспективада экономика үшін мультипликативті әсері көп болады деп санайды сарапшы.
«Ерте ме, кеш пе енгізу қажет»
Ал экономист Мақсат Халық дәл қазіргі жағдайда ана капиталын енгізу мүмкін емес деп санайды. Бірақ, бұл мәселе ерте ме, кеш пе қарастырылуы қажет.
«Менің ойымша, бұл мәселені ерте ме, кеш пе, бәрібір қарастыруымыз керек. Өйткені бізге «ана капиталы» ұғымы қажет, кез келген әлеуметтік мемлекетте болуы тиіс. Ана капиталы деген сөздің өзі ананың қоғамдағы мәртебесін айқындап, дәрежесін көтереді», — деді ол.
Сарапшы дүниеге келген әр сәби үшін 4,2 миллион теңге төлеу, ашығын айтқанда, көп деп есептейді.
«Дәл қазір оны іске асыра алатын жағдайда емеспіз. Бірақ алдағы уақытта қарастыруға болады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Ресейде теңгеге шаққан кезде ана капиталы 2,5 миллион теңгеден асады. Ал Еуропа мемлекеттерінде тіптен көп. Өткенде біз Венгрияның тәжірибесін зерделедік. Онда бір балаға 31 мың еуро береді екен, біздің теңгемен 15 миллион теңге. Одан кейін көпбалалы аналарға бөлек 7,5 мың еуро қарастырады, толығымен салықтан босатады. Ипотекасы болса, жауып береді. Меніңше, бізге де осындай қадамдар қажет», — деді Мақсат Халық.
Экономист қазақстандық аналарға депутаттар ұсынғандай 4 миллион болмаса да, 1,5-2 миллион теңге беруге болады деп есептейді.
Айтуынша, ана капиталын мақсатты түрде – отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ипотеканы жабуға, балалардың денсаулығына, біліміне жұмсалуы қажет.
Көрші Ресей тәжірибесі
Ресейде балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында 2007 жылы ана капиталы енгізілді. Бастапқыда әлеуметтік көмек екінші және одан кейін туған балалар үшін төленді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бірінші сәбиін дүниеге әкелген немесе асырап алған аналарға да беріле бастады.
Жыл сайын ана капиталының мөлшері индексацияланып отырады.
2021 жылы оның мөлшері бірінші балаға – 483 882 рубль немесе 2,7 миллион теңге, ал екінші балаға – 639 432 рубль немесе 3,6 миллион теңге.
Ана капиталын үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге, алғашқы жарнаға, білімге жұмсауға немесе ананың зейнетақы жинағына қосуға рұқсат етіледі.
Былтыр Ресей президенті ана капиталы бағдарламасының мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзартты.
Қазақстан баласы бар отбасыларды қалай қолдайды
Қазақстанда бала туғанда мемлекеттен біржолғы жәрдемақы төленеді. Әлеуметтік көмек жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге беріледі:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге.
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.
Бұдан бөлек, жұмыс істемейтін аналар сәби бір жасқа толғанға дейін ай сайын 16 мыңнан 25 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады.
Декретке дейін еңбек еткен әйелдерге ай сайынғы төлем тапқан табысына қарай есептеліп төленеді.
Сондай-ақ, былтыр үкімет көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы тағайындады. Ол бала санына қарай сараланған мөлшерде ай сайын төленеді.
Мәселен, биыл оның мөлшері:
- 4 балаға – 47 548 теңге;
- 5 балаға – 58 457 теңге;
- 6 балаға – 70 154 теңге;
- 7 балаға – 81 851 теңге.
Әр балаға – 4,2 миллион теңге
3 наурызда Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы елде ана капиталын енгізу бастамасын көтерді. Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, ана мен баланы қолдауға қаржы көптеп бөлінсе, кедейшілік қана емес, балалар арасында ауру мен зорлық-зомбылық та азаяды.
«Елімізде әрбір бала үшін 4,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік төлемді ана капиталы ретінде енгізген жөн. Оны баспана алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың біліміне және ананың зейнетақы жинақтарына жұмсауға болады», — деген еді ол.
Мәжілісмен мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдауға бағытталған шаралар әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Мұны ЮНИСЕФ-тің зерттеуі де растап отыр. Қазақстанда балалардың 15,6 проценті табысы ең төмен отбасыларда тұрады екен. Ал 15 процент — ол 1 миллион бала. Басым бөлігі — көпбалалы отбасының мүшелері. Бұдан бөлек, 500 мың толық емес отбасы бар. Жалғызбасты аналар мен жалғызбасты әкелердің жағдайы да мәз емес.