Сарапшы 2019 жылы теңге бағамы қандай болатынын айтты
FXPrimus талдау бөлімінің басшысы Арман Бейсембаев 2019-шы жылы теңге бағамы қандай болатынына қатысты пікірін білдірді. Сарапшы «доллар 400 теңгеге көтеріледі деген болжам рас па?» деген сұраққа жауап берді деп жазады Bnews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Өткен жылдың басынан бері ұлттық валюта 12 пайызға құлдырады. 2018 жылдың басында доллар 332 теңге тұрса, қазір оның бағамы 378 теңге айналасында.
Арман Бейсембаевтың пікірінше, жылдың бірінші жартысында теңгенің нығаюын күтуге болады. Мұны сарапшы әлемдік қысымның бәсеңдеуі мен басқа валюталар қасында «америкалық» ақшаның әлсіреуімен, сонымен қатар мұнай бағасы көтерілуімен байланыстырып отыр.
Дегенмен, сарапшының сөзінше, ұлттық ақшаның бағамына өткен жылғы факторлар әсер етеді.
«Бұл мәселеде 2018-ші жылдан көп айырмашылық болмайды. Негізгі жағдайлар өткен жылғыдай өзгеріссіз қалды. 2019-да бір нәрсе өзгереді деп ойлауға негіз жоқ», — деді сарапшы.
Арман Бейсембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Ұлттық банкте теңге бағамын 400 теңгеден төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндіктер мен барлық құралдар бар.
Алайда қаржы реттеушілер теңге еркін қолданымда болғандықтан, оның бағамы экономикаға бағынатынын және саяси шешімдер мен оқиғаларға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын.